Алматыдағы автобус апатының құрбандары әлдеқайда көп болуы мүмкін еді – куәгер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы автобус апатының құрбандары әлдеқайда көп болуы мүмкін еді – куәгер

26.12.2023

Алматыдағы автобус апатының құрбандары әлдеқайда көп болуы мүмкін еді. Жүргізуші есін жоғалтып, жолындағыны жайпап бара жатқан басқарусыз көлікті жолаушылардың бірі тоқтатқан. Адамдарды ажалдан арашалап қалған азаматтармен тілшіміз тілдескен еді.

Жол ақысын төлемей, артынан өзін аялдамаға жетпей түсіріп кетуді талап еткен жолаушы жүргізуші әйелді ұрып, есінен тандырған сәтте автобус басқарусыз қалған. Қоғамдық көлік жоғары жылдамдықпен жолында тұрған көліктер мен көшедегі адамдарды қағып кетті. Үш адам мерт болды, төрт адам жарақат алды. Жүргізуші мен жолаушының жанжалын көзімен көрген 17 жастағы Жеңіс Тайбек қараусыз басқарусыз қалған автобусты тоқтатып үлгерген. Есінен танып жатқан жүргізушінің аяғын газдан шығарып, тежегішті баспағанда адам шығыны әлдеқайда көп болуы әбден мүмкін еді.

Жеңіс Тайбек, куәгер:

Мен әйел кісіге қарасам талып қалған екен. Неше машинаны соғып, адамдарды соғып болғаннан кейін тағы да газды басып тұр екен. Ол кісі маған тормоз, тормоз деген сияқты айтты. Аяғын газдан алдым да тормозды бастым. Егер аяғын газдан алмағынымда қаншама адам, қаншама машинаны соғып кетуіміз мүмін еді.

Автобусты тоқтатқан Жеңістің досы Әмірхан болса жүргізуші әйелге жұдырық жұмсаған жолаушыны жібермей ұстап, полицияға тапсырған.

Әмірхан Шахантай, куәгер:

Алдыңғы әйнек сынған кезде мен артыма қарадым. Бардығы құлап жатты. 02:50 Барлығы болып болған соң ұрған жолаушы мен балама барып келейінші, қайтадан келемін деп сылтауратты. Ұстап қалуға тырыстық, кетпе ешқайда тұр осы жерде деп. Сол кезде айналамызда барлық адам қоршап алған.

Қайғылы оқиғаның қос куәгері қолдан келгенше жанжалға араша түсуге тырыстық дейді. Ал осы апатқа себеп болған жолаушы екі айға қамауға алынды. Үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша ол 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Хабарламаларға жазылу