Газадағы жағдай әлі ушығып тұр. Басталғанына бірнеше ай өтсе де, әлемдік қауымдастықтың бейбітшілік орнату жөніндегі талпыныстары әзірге нәтижесіз. Тіпті, бұл соғыс аймақтық мәселе болудан қалып, әлем елдерінің ішкі саясатына ықпал етуші факторға айналды. Қақтығыс салдарынан Қызыл теңіздегі кеме қатынасы бұзылып, халықаралық саудаға кері әсерін тигізді. Жаһанның түкпір-түкпірінде Израиль-Хамас соғысына қарсы шерулер өтті. Соңғы мәліметтерге сәйкес, соғыс салдарынан мерт болған палестиналықтардың саны 20 мыңға жетті.
Газада кәсіби міндетін атқарып жүрген 70-ке жуық журналист көз жұмса, 20 журналист тұтқындалған. Сонымен бірге, Газада БҰҰ-ның 102 гуманитарлық қызметкері қаза тапты.
Израиль үкіметі әлемдік қауымдастықтың қысымына қарамастан Хамастың толығымен жоймай соғысты тоқтатпаймыз деген шешімнен тайынбай отыр. АҚШ-пен қоса бірқатар мемлекет тығырықтан шығу шешімі ретінде тәуелсіз Палестина мемлекетін құру позициясын алға тартып жатыр.
Есесіне ондаған жылдар бойы әлемдегі ең даулы аймақтардың бірі болған Таулық Қарабақ мәселесі шешілді. Қыркүйек айында Әзербайжан әскері аймақты толық басып алған еді. 2024 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Таулы Қарабақ Республикасы өмір сүруін тоқтайтыны туралы жарлыққа қол қойылды.
Осылайша, Баку даулы аймақты толықтай бақылауға алды. Сондай-ақ келер жылы Әзербайжанда Президент сайлауы өткізілмек, бұл жолы оған Таулы Қарабақ та қатысады.
Ал Украина-Ресей қақтығысы 669 күнге аяқ басты. Екі жылға созылып кеткен соғыстың немен аяқталатыны әлі белгісіз. Ресей Президенті Путин «өз мақсатына жеткенде ғана бейбітшілік орнайтынын» айтса, Украина әскерге қосымша 500 мың азаматты қосу үшін бар күшін салып жатыр. Қазір АҚШ пен Батыс мемлекеттерінің Украинаға жіберетін көмегі азайып қалғанымен, елдің Еуропа Одағына мүше болу жөнінде келіссөздер басталып кетті.Сарапшылардың басым бөлігі тараптар ортақ мәмілеге келмесе, соғыстың жуық арада аяқталуы екіталай деп отыр.
Геосаяси алаңдағы мүдделер қақтығысынан туған бәсеке 2023 жылы да түрлі алаңда жалғасты. Биыл алпауыттар арасында конфликтілер көп болды. Әсіресе, АҚШ жағалауына дейін жеткен қытайлық шар екі ел арасындағы дауды күшейтіп жіберген еді.
Байден мен Си қараша айында Сан-Францискода өткен Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы саммитінде кездесті. Келіссөздер бірнеше кішігірім келісімге әкелгенімен, айтарлықтай үлкен өзгеріс бола қоймады. Дегенмен жыл соңына қарай екі ел арасында “жылымық” орнай бастағандай.
БҰҰ-ның дерегі бойынша сәуір айында Үндістан халқының саны 1 миллиард 425 миллион адамға жетті. Ол енді әлемдегі ең көп халқы бар мемлекетке айналды. Бұл атақ көп жылдан бері Қытайға тиесілі болатын. Халық санының көптігі Үндістан экономикасы үшін бірінші кезекте жас жұмыс күшінің ұлғаюымен тиімді.
Ал әлемнің екінші экономикасы Қытайда халықтың қартаю мен азаюы қатар жүріп жатыр. Мамандар 2050 жылға қарай 65 жастан асқан қытайлар саны екі есе артады деп болжап отыр. Бұл Бейжіңнің келер жылдардағы ең негізгі мәселесіне айналайын деп тұр.
Ал тұтас әлемді жасанды интеллект алаңдатып отыр. Былтыр қолданысқа енген ChatGPT платформасы оны әр адам қолдана алатындай мүмкіндік берді. Биыл жасанды интеллект дамудың жаңа сатысына шықты. Google секілді алпауыт технологиялық компаниялар түрлі өнімдерін шығарып, бәсекені көз ілеспес жылдамдыққа жеткізді.
Сондықтан бұл үрдістен қауіптенетіндер де көбейген. Соның бір көрінісі ретінде қарашада Ұлыбританияда өткен алғашқы Жасанды интеллекті қауіпсіздігі саммитін атауға болады. Бұл жиынды келер жылы екінші рет өткізу жоспарланған. Дегенмен, мемлекеттер Жасанды интеллектіге шектеу шараларын әзірге енгізбеді, керісінше қолдау басым. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болашақтың жасанды интеллектімен тығыз байланысты екенін және бұл бағытқа өзі жетекшілік ететінін мәлімдеген еді.
Биыл ғарышты, әсіресе айды игеругеталас күшейді. Тамызда Айға сапар жасаған ресейлік кеме апатқа ұшырады. Бірнеше күннен кейін Үндістан алғашқы болып, Айдың оңтүстік полюсіне ғарыш кемесін қондырды. NASA 2025 жылы, Қытай 2030 жылдары, ал Үндістан 2040 жылы Айға миссия жіберуді жоспарлап отыр.
Осы тұста, жаһандық бәсекелестік ғарышта әскери күштердің көбеюіне әкеледі деген алаңдаушылық бар. Оған ғарыштағы операцияларды реттеу бойынша ортақ ереженің болмауы себеп болып отыр. Бұл Space X, Blue Origin сияқты жеке компаниялардың табысы, ғарыштағы қоқыс пен жекелеген мемлекеттердің жауапкершілігі мәселесіне келіп тіреледі.
Биыл ең ыстық жыл болды.174 жылдық бақылаудың нәтижесіне сүйенген Дүниежүзілік метеорология ұйымы осындай қорытындыға келді. Осылайша, парниктік газдардың едәуір артуы планетаның жылынуына, мұздықтардың еруіне, экожүйелердің өзгеруіне әсер етіп жатыр.
Орман өрті осы жылы әдеттегіден көбірек болды, әсіресе Канададағы 18 млн гектар жердің отқа оранғаны ең ірі апаттардың бірі ретінде тіркелді. Оған Антарктикадағы мұздықтардың еруі секілді ірілі-ұсақ құбылыстарды қосыңыз. Осындай оқиғаларды ескере келе, желтоқсан айында Дубайда Климаттың өзгеруі жөнінде саммит өткізілген еді. Оның нәтижесінде қазба отындарынан бас тартып, климаттың өзгеруін тежеу туралы келісімге қол қойылды.
Ал кейбір елдер биыл ірі зілзалалардан зардап шекті. Ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында магнитудасы 7,8 және 7,5 баллдық жер сілкінісі болды. Эпицентрі Сириямен шекаралас Газиантептегі дүмпудің салдарынан Түркияда 50 мыңнан, Сирияда 8 мыңнан астам адам қаза тапты. Зілзаланың зардабы миллиардтаған долларға бағаланған еді.
АлқазанайындаАуғанстандажерсілкінісіболды. Герат провинциясындағы 6,3 баллдық зілзала 1998 жылдан бергі ел тарихындағы ең ауқымдысы ретінде тіркелді. Оның салдарынан мыңдаған адам қайтыс болып, 10 мыңдайы жарақат алған еді.
Әлемдегі ең негізгі 10 оқиғаны «бес плюс бір» форматында өткен жиындармен түйіндегім келіп тұр. Қыркүйек айында алғаш рет АҚШ Президенті және Германия көшбасшылары С5+1 форматында кездесулер өткізген еді. Ал осыған дейін Орталық Азия лидерлері Қытай, Ресей және Парсы шығанағындағы елдердің жетекшілерімен де бас қосқан еді.
Берлин С5+1 форматын жыл сайынғы кездесу ретінде өткізуге ниетті, ал Вашингтон болса, Орталық Азияны “Бейбітшілік аймағы” деген тоқтамға келді. Ресей, Қытай секілді елдермен кездесу көрші елдердің жыл сайын өтетін шараларының қатарында.
Сондықтан биылғы жылды қорытындылай келе, Орталық Азия елдері халықаралық аренада бір аймақ, ортақ күш ретінде көрінді деуге де болады. Себебі бұған дейін мұндай кездесулер көп болмаған еді. Мұнымен қоса жиындардың деңгейі де жоғарылаған. Әлем үшін 2023 жыл осындай оқиғалармен есте қалмақ.