Облыс болғанына 1 жылдан асса да Ұлытау өңіріндегі өзекті мәселелер шешілмей тұр. Осы аптада бізге Жезқазғаннан 18 шақырым қашықта орналасқан Сәтбаев қаласының тұрғындары хабарласты. Олар көпқабатты үйлер қысқа дайын емес, жертөледегі құбырлар апаттық жағдайда,-деп шағымданды. Бірақ қалалық тұрғын үй инспекциясыжауапты компанияның жұмысын қабылдап алған, қала әкімі болса қысқа толық дайынбыз,-дейді.
Шапағат Әубәкір, Сәтбаев қаласының әкімі:
Жылуға толық дайынбыз біз. 100 пайыз дайын. Ол бүкіл қаладағы мекемелердің бәрі жылумен қамтамасыз етіліп тұр.
Тұрғындар мен қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары әкіммен келіспейді. Олар жағдайы сын көтермейтін, әбден шіріген құбырларды әкімшілік қалай қабылдағанын да түсінбейді.
Абулаис Мулақов, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты:
Міне, су тамшылап тұр ғой. Ол грибок біткен нәрсе ғой. Мынау енді ертең күн суығанда шамалы давление көтеріледі, кетті.
Қазір қалаға коммуналдық қызмет көрсететін «Сәт Тазалық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш компания тұрмыстық қоқысты шығарумен қатар, подьездер мен жертөлелерді күтіп ұстауға тиіс. Бірақ құбырды ауыстыру мен тазалықты талап етіп «Сәт Тазалықтың» табалдырығын тоздырдық. Әкімдікке де бардық, нәтиже жоқ,-дейді тұрғындар. Ал құбырдан аққан су жертөлеге жайылып, сасық иіс үйге кіре бастаған. Салдарынан қандала мен бүрге қаптаған.
Арыз-шағымға қарамастан «Сәт Тазалық» биыл «Сүйікті қала»атты еншілес компания құрып, бізбен келісімшартқа отырмаса да, сырттай қол қойып, хаттама толтырған,-дейді көпшілік. Халықтың басқа да наразылығы көп. Тілшіміз Аманкелді Сейтхан аймаққа барып, тараптардың пікірін тыңдап келді.
Шұрық-тесік құбырлардан сорғалап, тамшылап, тіпті, атқылап су ағып тұрса да,ешқашан ауыстырылмаған. Тек айқай-шу болғанда жамап кетеді. Бірақ ол да сапасыз.
Ержан Мұхаметкәрімұлы, Сәтбаев тұрғыны:
Міне, бояп қойған ғой ескі трубаларды. Грибок-грибок қарасаңыздар. Суы ағып тұр, винтельдері ауыспаған. Ар жақтағы трубалар уже шіріп, ағып жатыр суы.
Жертөлеге жайылып кеткен канализация суынан аяқ алып жүру қиын. Кейбір тұстары көл боп жатыр.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Міне, мынау Ерден көшесі 189-үйдің жертөлесіне жиналған су. Тереңдігі осындай. Енді бұл бер жағы ғана, шын мәнінде мұнда қанша су жиналып жатқанын ешкім білмейді.
Шәмші Хамзе, Ұлытау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Осындай туннель боп келесі үйде де тұр. Бұл үлкен туннель болуы да мүмкін, үй-үйдің арасынан анау қаланың арғы бетінен келіп жатқан.
Осы судың әсері болуы керек, үйлердің іргетасы дасөгіле бастаған.
Жаншуақ Есқалиев, Сәтбаев тұрғыны:
Көріп тұрсыздар ғой 8 сантиметрдей. Міне осадка берген, мен былай кірпішпен қойып қойғам ғой.
Төбені тіреп тұруы тиіс қабырғалар керісінше өздері ілігіп әзер тұр. Кейбір жері опырылып құлап тақалған.
Аманкелді Сейтхан, тілші:
Соның бірі міне мына жер. Асты үңірейіп, үгітіліп түсіп қалған. Үсті де міне былай жарылып, құлауға шақ тұр.
Шәмші Хамзе, Ұлытау облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Мынау құласа, арғысы құласа, басқасы құласа апаттық жағдайға алып келуі мүмкін. Міне, 20 ммтр. Асты 50 ммтрдей.
Тұрғындардың тағы бір қорқынышы суға тоқ сымдары түсіп кеткен. Олардың бір жері ашылса не болатынын елестету де қиын. Одан бөлек, жертөле тазаланбағасын қандала мен бүрге қаптаған.
Қалжанай Барманова, Сәтбаев тұрғыны:
Дихлофос себесің кешке. Таңертең қайтып шығып тұрады. Майда майда шіркей, шыбындар. Еще туалетке кіргенде канализацияның иісі шығып тұрады.
Шолпан Нысапбергенова, Сәтбаев тұрғыны:
Ваннадан шығып жатыр бүлкілдеп ана су деген, канализация толады ғой. Осы ғой толып жатқан. Тұншығып отырмыз үйде расында.
Жертөле ғана емес кейбір пәтердіңішкі қабырғасы да жарылып, көгере бастаған.
Нұргүл Серғазықызы, Сәтбаев тұрғыны:
Натяжной істегенбіз ғой үстінен, тағы жарылып тұр ше. Ал терезелер де резеңкесін жыл сайын ауыстырып жатырмыз, соның өзінде буланып ішке су ағады.
«Сәт Тазалық» компаниясы Сәтбаевта 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қаладағы 610 үйдің 400-ге жуығына қызмет көрсетеді.Солардың қаншасы осындай күйде екені белгісіз. Бірақ биыл 3 мыңнан астам шағым түсті.Бәрінжасап жатырмыз, ал, толық жөндеуге мүмкіндік жоқ,-деді компания өкілі.
Гүлсім Меңдішева, «Сәт Тазалық» ЖШС басшысының орынбасары:
Бір үйдің өзіне 10 млн-дай ақша кетеді. Ол адамның төлеп жатқан ақысы 70 тг ғана бір метр квадратқа. Сол материал сол үйге жетеді ме, жеткіліксіз бе?
Ақша демекші, наразылық көбейгесін компания «Сүйікті қала» атты еншілес ұйымқұрып, бізге ескертпей, сырттай хаттама толтырып, қол қойған,-дейді белсенділер.
Нұрболат Базарбекұлы, қоғам белсендісі:
Осы құжатты халықтың қолын көрдіңіз ғой, өздері қойып істеп қойған. Өтірік протокол. Енді біз мұны әкімшіліктен алып тұрмыз ғой, әкімшілік айтады, біз білмейміз жоқ дейді. Таке, сіз не айтасыз, сіз растайсыз ба? Ол кісілер айтып жатыр, мына протокол жоқ деп жатыр.
Қазір бұған қатысты тергеу басталған. Ал осынша былықты біле тұра қала басшылығы неге жұмысты сол компанияға сеніп тапсырып отыр десеңіз.
Шапағат Әубәкір, Сәтбаев қаласының әкімі:
Бізде басқа да КСК-лар. Ең көп ауқым «Сәт Тазалықта».Сонда «Сәт Тазалықты» ауыстыратын компания болмай тұр ма?
Жезқазған
Ал облыс әкімінің орынбасарымен өзім осы компания қызмет көрсететін үйде тұрам. Бізде бәрі жақсы,-дейді.
Бірақ қай үйде тұратынын айтпады. Ал мәселе неге шешілмейді дегенде, былай жауап қатты.
Ұлантай Төлеутайұлы, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:
Бұл дауларды бірнеше рет біз тексердік те, құқық қорғау органдары тексерді. Антикор органы тексерді. Әлі күнге шейін бүгінгі таңда ештеңесі заңсыз деп танылған жоқ.
Сәтбаев
Бәрін заңды жасайтын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құжат бойынша иесі -Евгений Лукянов. Бірақ оның кім екені көпке жұмбақ.
Абулаис Мулақов, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты:
Лукянов дегенді көрген емеспіз.
Оны қала әкімі де білмейді.
Шапағат Әубәкір, Сәтбаев қаласының әкімі:
Ол кісіні ешкім көрген емес, мен де көрген жоқпын.
Жезқазған
Облыс әкімі орынбасарының білгісі де келмейді.
Ұлантай Төлеутайұлы, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:
Лукянов мырзаны сіз көрген жоқсыз ия
-Мен не үшін көрем.
-Көрдіңіз бе?
-Маған не үшін керек?
Ал компанияның атқарушы директоры Валерий Сибагатулин өткен айда облыс әкімімен кездесіпті. Бірақ мәселе шешілмеген. Аймақ басшысының айтуынша, бұл жеке компания мен тұрғындардың өзара дауы.
Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облысының әкімі:
Бәрі заңның аясында шешілуі керек. Мораторийда бар оларға тексеру жұмыстарын жасауға болмайды. КСК бұл. Сондықтан, олар өздері егер тұрғындар келіспесе шығып кете алады.
Сәтбаев
Яғни, келісімшартты бұзу. Бірақ олай етсек осы ұйымға 10 жыл бойы төлеген ақшамыз сонда ауаға ұша ма,-дейді халық. Сондықтан, компанияның есебін көрсетіп, заң алдында жауап беруін сұрайды.
Нұрболат Базарбекұлы, қоғам белсендісі:
Бұл компания тамыры тереңге кеткен. Не қала әкімін сыйламайды, не облыс әкімін сыйламайды. Республикалық деңгейде көтерілген проблема, мәжіліс депутаты көтерген. Сонда да ешқандай нәтиже жоқ, міне көріп тұрсыздар ғой.
Абулаис Мулақов, Сәтбаев қалалық мәслихатының депутаты:
Биылғы жылы аудит өткізді. Ешқандай әлі нәтиже жоқ. Не прокуратурадан, не соттан, не полициядан.
Өкініштісі сол: өңір жұрты кей мәселе бойынша президентке жүгінуге мәжбүр. Жергілікті билік өкілдері түйткілдердің шешілуіне құлықсыз ба? Әлде құзыреті жетпей ме? Әр әкім өз аймағы үшін жауап беріп, әр тиынға тиянақты болса, орталық биліктің келіп қадағалауына да қажеттілік болмаушы еді. Мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту үшін «орталықтан басқаруды доғару керек» деп айтылып жүргелі қашан? Тұйық шеңберден қашан шығады екенбіз?
Аманкелді Сейтхан