Басты Жаңалықтар Қызылордада «Қазақстан халқы» қорының есебінен мың отбасы баспаналы болды

Қызылордада «Қазақстан халқы» қорының есебінен мың отбасы баспаналы болды

Қызылордада жыл соңына дейін мың көрерменге арналған өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Мұнан бөлек, қалада заманауи автобекет пен жаңа тұрғын үй кешені бой көтеріп жатыр. Өңірге іс-сапармен келген Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары Тимур Қарағойшин бірқатар нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.

Биыл аймақта баспана кезегінде тұрған көпбалалы және осал топтағы отбасыларға «Қазақстан халқы» қорының есебінен мың пәтерге қаржы бөлінді. Соның ішінде, 550 баспана аудандардан беріліп, ауыл жұрты айрықша игілігін көрді. Бұрын тұрғын үйді мемлекет салса қазір талаптар өзгеріп, жаңа баспананы сатып алуға мүмкіндік қаралған. «Бұл игі жоба келер жылы да жалғасын табады»- деді министрдің орынбасары.

Тимур Қарағойшин, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің орынбасары:

2024 жылға ақша бөлініп тұр. Сондықтан бүкіл республика бойынша мемлекет қорынан кезекте тұрған азаматтарға пәтерлер сатып алынып беріледі. Бұл бағдарламаның жақсысы жергілікті мердігерлер салады. Жұмыс қолы пайда болады аудандарда.
Мұнан бөлек облыста әлеуметтік-мәдени нысандардың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айтулы жобаның бірі өнер орталығы. Қаланың сәулетіне көрік қосатын ғимарат желтоқсан айында ел игілігіне беріледі. Еліміздің әр аймағынан келген құрылыс саласына жауапты басшылар Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды бағамдап, тәжірибе алмасты.

Айнұр Манкешова, Маңғыстау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

Жаңадан енгізіліп жатқан жобалармен таныстық. 250 орындық мектепке Шиелі ауданына бардық. Жаңа вокзалды көріп жатырмыз. Өте керемет жобалар. Соның ішінде қайта жобалау бойынша привязка дейміз ғой соны алуға жұмыс істеп жатырмыз.
Жалпы құрылыс жобаларына биыл бюджеттен тыс демеушілер есебінен 37 миллиард теңге қаржы тартылды. Осылайша, инвесторлар арқылы жаңа әуежай терминалы, музыкалық колледж бен бірқатар әлеуметтік нысан бой көтеруде.

Бөлісу