Игерілмеген қаражатты басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Игерілмеген қаражатты басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттайды

27.11.2023

Сырдарияны тазартуға бөлінген 5 млрд теңгенің 3,7 млрд-ы басқа жобаларға бағытталады. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді. Қызылордада әу-баста өзен арнасын тазартуға 5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылады. Алайда жобаның сапасыз жоспарлануына байланысты қатты ағын мен желдің әсерінен өзен арнасы қайтадан ластанып, толып қалады. Тексерістен кейін 3,7 млрд теңге көлемінде игерілмеген қаражатты әкімдік басқа әлеуметтік мақсаттарға бағыттайтын болды.

Сондай-ақ, Көкшетау қаласының Станционный кентіндегі 160 орындық мәдениет үйі құрылысының құны айтарлықтай қымбатқа бағаланғаны анықталды. Бастапқы құны 910 млн теңгені құраған жобаның құны уақыт өте 1,4 млрд теңгеге өскен. Ал басқа елді мекендерде осыған ұқсас объектілердің құрылысы әлдеқайда арзан болып шыққан. Енді Көкшетау қаласының әкімдігі шартты бұзып, үнемделген қаражатты әлеуметтік маңызы бар басқа жобаларды қаржыландыратын болады.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу