Дәл қазір еліміздегі бір миллионнан астам оқушы асық атудан жарысып жатыр. «Бес табан» және «Бес асық» ойындары өңір-өңірдегі мектептердің барлығында дерлік ұйымдастырылып отыр. Ұлттық ойын челленджінің жай-жапсары туралы тілшілеріміз хабар таратуға дайын тұр.
Қаракөз Тұрмағанбет, тілші:
Мен қазір Астанадағы нөмірі 85 мектеп-лицейдемін. «Алтын сақа» челленджіне мұнда 60-қа жуық оқушы қатысып жатыр. Республикалық акция аясында жеткіншектер «Бес асық» және «Бес табан» ойындары бойынша өзара бақ сынап, қазір жеңімпаздарды анықтайды.
Айта кетейік, «Бес асық» — қыздар арасында өтетін ойын. Бұл ойынды ойнаған қыздар кішкентайынан әсемдікке, икемділікке бейім болып өседі. Ал «Бес табанды» ұл балалар ойнайды. Олар мерген әрі төзімді болып өседі деп түсіндірді ұйымдастырушылар.
Бұл шара жер-жерде өтіп жатқанын тағы еске саламын. Қызылжар өңіріндегі «Алтын сақа» челленджіне 600-ден астам мектеп оқушысы қатысуда.
Эльмира Кәленова, тілші:
Біз қазір Абай атындағы мектеп-гимназиясындамыз. Білім ошағында көп жылдардан бері «Асық» үйірмесі жұмыс істейді. Сондықтан оқушылар ұлттық ойынды ойнауға әбден машықтанып алғаны аңғарылып тұр. Балаларға асық атуды үйретіп жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімін сөзге тартқан едік.
Қуат Хайруллин, мұғалім:
Асық ату спортын алсақ, өзі бір ойынның ішінде 3 тайм 15 минуттан тұратын болса, 45 минут баланың бір ғана жарысқа қатысқанда 7 шақырым жүріп өтеді бала. Асық атуда, бес асықта баланың көру қабілетін жақсартады.
Эльмира Кәленова, тілші:
Солтүстік Қазақстанда 600-ден астам мектеп бар. Дәл осы сәтте барлығында «Асық ату» челленджі өтіп жатыр. Асығыңыз әрқашан алшысынан түссін!
Қызылжар өңірінде «Алтын сақа» челленджіне 600 дан астам мектеп оқушысы мен 70 мыңнан астам балабақша тәрбиеленушісі қатысуда.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Ұлттық ойындар насихатталатын челленджден ақмолалық оқушылар да қалыс қалған жоқ. Дәл қазір біз Көкшетау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясында тұрмыз. Мұнда «Алтын сақа» республикалық олимпиадасы өткізілуде. 100-ден астам оқушы бес асық, ханталапай, үш табан, асық ату сынды ұлттық ойындардан өзара бақ сынасып жатыр. Басты мақсат- қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін дәріптеу,-дейді ұйымдастырушылар. Жалпы, бұл челленджге облыс бойынша 8 мыңнан астам оқушы мен 1200-дей мұғалім қатысып жатыр.
Қаракөз Тұрмағанбет