Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері өтті

10.11.2023

Астанада Маңғыстау облысының мәдени күндері мәресіне жетті. Ауқымды шара аясында «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі» атты гала-концерт ұйымдастырылды.

Маңғыстау өңірінің өнерпаздары гала-концертте ән мен күй, жыр мен биден шашу шашты. Облыстық филармония әртістерімен қоса, астаналықтар алдында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тамара Асар да өз өнерін паш етіп, мәдени-рухани шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Тамара Асар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

Қазақылықтың қаймағын бұзбаған керемет жердің балық өз майына қуырылып, елінде жатпай, өзінің бойындағы жақсылығының бәрін шарапат қылып шашып, орталыққа әкелуі үлкен сауап іс деп ойлаймын.

Елорданың 25 жылдығына орай ұйымдастырылған гала-концертте Сағынғали Нұрғожаевтың «Маңғыстау» әні сахнада алғаш рет орындалды. Жаңа туынды облыстық филармония жанынан құрылған Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрі музыкалық сүйемелдеуімен шырқалды.

Әбілқайыр Байпақов, Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

Биыл Астананың 25 жылдық мерейтойына жыр шашу, ән шашу ретінде Маңғыстау өңірінің туристік әлеуетін көрсету мақсатында Маңғыстаудың мұражайының кейбір жәдігерлерін алып келдік.

Ән-жыр кешімен қоса, Астана тұрғындары арнайы көрмеде заманымызға дейінгі 3-6 ғасырда өмір сүрген ғұндарға тиесілі жәдігерлерді тамашалады.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу