Газа секторында 76 қазақстандық бар – ҚР СІМ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газа секторында 76 қазақстандық бар – ҚР СІМ

06.11.2023

Газа секторында 76 қазақстандық бар. Отбасы мүшелерімен қосқанда жалпы саны 161 адамды қазір соғыс ошағынан құтқару қажет. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті. Алайда бұл азаматтарды эвакуациялау үшін Мысыр және Израиль тарапынан қойылып отырған талаптарды орындау қажет. Өйткені қауіпті аймақтан көшірілуге тиіс адамдар қатарында шетелдік отбасы мүшелері бар. Ал олардың үштен бірі эвакуациялау талаптарына сәйкес келмейді. Мәселен, кәмелет жасына толмаған балалары бар немесе ерлі-зайыптылардың кейбірі өзге ел азаматтары.

Сондықтан кейбір қазақстандықтар жақындарын өзімен бірге алып кете алмай отыр. Алайда министрлік Таяу Шығыстағы жағдайды толық бақылап, қазақстандықтарды елге қайтару шараларын жүзеге асыру үстінде деп атап өтті Айбек Смадияров.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Көп нәрсе бізге байланысты емес. Әскери дипломатиялық дағдарысты бүкіл әлем шешуге тырысып жатыр. Азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін, арнайы эвакуациялық борт Каирден ұшып шығуға дайын. Біз Таяу Шығыстағы жағдайды бақылап отырмыз. Өкінішке қарай, оның шиеленісі күшейіп келеді.

Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу