Жетісу облысында өндірістік қала салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында өндірістік қала салынады

01.11.2023

Өндірістік қала салынады. Жетісу облысындағы «Қорғас шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында өндірістік қала бой көтереді. Жоба бойынша бұл жерде 200-дей кәсіпорын орналасады. 2035 жылға дейін бірнеше бағыт бойынша ауқымды құрылыс қарқын алуы тиіс. 

Мұнан бөлек Жаркент қаласы маңында жүк және жолаушы тасымалдауға арналған әуежай салынбақ.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Өндірістік қала мына тордың ар жағында орналасады. Аумағы – мың гектар. Ол жерде түрлі кәсіпорындар, тұрғын үйлер және басқа да нысандар салынады. Шамамен 3000 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Қазірдің өзінде өндірістік аймақта 10-нан астам кәсіпорын салынып, өз жұмысын бастап кетті. Олардың қатарында күн сәулесінен қуат алатын панельдер шығаратын, майлы дақылдарды өндіретін зауыттар бар. «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясында еркін экономикалық аймақ Жетісу облысының ғана емес, тұтас елдің әлеуеті артуы тиіс.

Мұрат Баймұханбетов, «Қорғас Шығыс қақпасы» АЭА БК» АҚ Бас директоры:

13 мекеме қазір жұмыс істеп жатыр. Оның продукциясының бәрі жеңілдікпен. Оның бәрі бюджетке түседі. Ең маңыздысы – жұмыс орындары пайда болады.

Индустриалды қалашыққа арналған жер тегістеліп, инфрақұрылымы салына бастады. Кәсіпорындарда электр қуатының тапшылығы болмау үшін газды-турбиналық энергокешен салу жоспарланған. Арнайы экономикалық аймаққа 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген.

Серғали Сұлтанғазин, менеджер:

Шекараға жеткен үлкен 45 техника тұр. Алла қаласа, бір апта ішінде кіріп жұмыстарын бастайды. Алла қаласа бір жылдың ішінде барлық жерлерді түзеп, инженерлік желілерді тартып дайындаймыз.

Қазірдің өзінде арнайы аймаққа Қытайда өндірілген 12 мыңдай автокөлік кіргізілген. Темір тұлпарлар елімізден бөлек, Ресей, Өзбекстан және Еуропа нарығына экспортталмақ. Сондай-ақ, логистика жүйесін дамыту бағытында Жаркент шаһары маңында жаңа әуежай салынады.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу