Елімізде Қазақ-француз университеті мен халықаралық мектептері ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде Қазақ-француз университеті мен халықаралық мектептері ашылады

01.11.2023

Елімізде Қазақ-француз университеті мен халықаралық мектептері ашылады. Әрі Франция даму агенттігінің тобы құрылады. Франция президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға ресми сапарының нәтижесінде осындай құжаттарға қол қойылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мен Эмманюэль Макрон бүгін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізген. Тараптар талқылаған мәселелерді тілшіміз Данияр Қайыртай тыңдады.

Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатпен күтіп алды. Протоколға сай көк кілем төселіп, Құрмет қарауыл ротасы тізіліп тұрды. Әскери оркестр сырнай тартты.

Екі ел басшылары алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Эмманюэль Макрон Қазақстан шенеуніктерімен мұқият амандасқанын байқадық. Әсіресе, депутат Айгүл Құспанға асқан ықылас танытқанын аңғаруға болады.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мен француз тілінде өзімді таныстырып, «Қазақстанға қош келдіңіз» дедім. Ол таңғалды. Французша жақсы сөйлейтінімді айтып, қайдан үйренгенімді сұрады. Мен Президент Макронның өзі білім алған Франциядағы белгілі оқу орнын бітіргенімді айттым.

Кейін Қазақстан мен Францияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Бұдан соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Ақорданың Шығыс залына аттанды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Бұл Франция Президенті Эмманюэль Макронның алғашқы әрі қарымта сапары. Былтыр қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парижге ресми сапармен барғанда әріптесін елге шақырған еді. Екі ел басшылары қазір сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды.

Франция Қазақстанның Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі әрі ел экономикасының ірі инвесторы. Мемлекет басшысы осы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың маңыздылығына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беру керек. Сондықтан сіздің сапарыңызды тарихи, өте маңызды деп айтуға болады.

Ал Франция президенті өзінің сапары екіжақты серіктестік үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты. Биыл елдер арасында стратегиялық әріптестік орнағанына 15 жыл толып отыр. Тараптар келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 30 пайыз өсіп, 4 миллиард долларға жеткен. Ал биылғы сегіз айдағы өзара сауда-саттық көлемі өткен жылғыдан 21 пайызға артық – 2,7 миллиард долларға жетіп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Франция осыған дейін Қазақстанға 18,7 млрд долларға жуық инвестиция салды. Бірлескен жобалар энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларын қамтиды.

Ал Эмманюэль Макрон экономикалық қарым-қатынас енді тың серпінмен дамитынына сенім білдірді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мен энергетика салаларындағы байланысты жетілдіруге айрықша мән берілетінін айтты.

Эмманюэль Макрон, Франция Президенті:

Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды.

Сосын Қазақстанда француз мектептерін ашу туралы келісім жасалды. Жалпы 6 құжатқа қол қойылды. Оның ішінде қуаты 1 гигаваттық жел электр станциясын салу жобасы да бар.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Алғаш рет энергияны жинақтау жүйесі бар технология пайдаланылмақ. Келісім бойынша станцияны салу үшін бірлескен кәсіпорын құрылады.

Ал тағы бір үкіметаралық келісімге сай Қазақстанда Француз даму агенттігі құрылмақ. Ол агенттік түрлі жобаларды қаржыландырып, инвестициялық қорларға қаражат аударады. Тіпті, компанияларға үлескер ретінде кіре алады.


Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу