«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастық тоқтатылады. Апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін оқиға орнына арнайы барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай мәлімдеді.
Кәсіпорынның меншік иесі ауыстырылатыны жөнінде тамыз айындағы апаттан кейін айтыла бастаған. Ол кезде, тіпті, «саяси шешім қабылданып қойғаны» жарияланған еді. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев кеше кешкісін осы айдың соңында кәсіпорынға иелік ету құқығы Қазақстанға берілетінін айтты. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы бүгін таратқан хабарламада кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткізу процесі өткен аптада басталып кеткені жазылған.
Бұл мәселеге кейінірек ораламыз. Ал қазір Мемлекет басшысының Қарағанды облысына шұғыл сапары жайында бейнематериал.
Адам өліміне әкелген тағы бір төтенше оқиға. Президент тағы да жақынынан айрылғандардың жанынан табылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәрін түсініп отырмын. Үлкен қасірет. Орны толмас оқиға болып тұр. Қайғы. Сондықтан Үкімет болсын, әкімдік болсын, қайырымдылық ұйымдары болсын, бәрі тиісті отбасыларға көмекті көрсетеді.
Президент «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді деп сынады. Сондықтан мекемені басқаруды облыс әкімінің орынбасары, бұрынғы кенші Вадим Басинге тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды.
Мемлекет басшысы кеншілердің зейнетке шығу жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқанын да айтты. Қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларымен кездесуден кейін Президент апат салдарын жою жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді.
Апат кезінде шахтада 252 адам болған, оның 206-сы өз бетінше көтерілген. Қалғанын құтқару үшін Төтенше жағдай министрлігі 10 бөлімше, 55 тау-кен құтқарушы және 12 техника жұмылдырылған.
Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Жұмыстар екі өндіру учаскесі аумағында жүргізілуде. Жаңа өрт ошақтары байқалмайды. Жұмыс тәулік бойы жалғасады.
Президент штаб мүшелеріне жұртшылықты ақпаратсыз қалдыруға болмайтынын да ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жаңа ғана азаматтар әр 10-15 минут сайын ақпарат беріп тұру мәселесін көтерді. Мүмкіндігінше қамтамасыз ету керек. Халықпен қарым-қатынас жасайтын бір өкіл болсын.
Асыраушысынан айрылған отбасыларға жәрдемақы төленеді. Оның орташа көлемі 400-500 мыңнан басталады.
Светлана Жақыпова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
Әзірге барлық төлемді өтеу «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына жүктеледі. Компания жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды да өз мойнына алуға тиіс.
Ал Үкімет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын мемлекет меншігіне алу процедурасын заңдастыру аяқталуға шақ қалғанын айтты.
Әлихан Смайылов ҚР Премьер-Министрі:
Күрделі келіссөздер нәтижесінде біз компанияны Қазақстанның меншігіне өткізудің шарттары туралы уағдаластыққа қол жеткіздік.
Арнайы құрылған үкіметтік комиссия апат салдарын жойып, кеншілерді құтқару жұмысының басы-қасында жүреді. Қазаға әкеп соқтырған өрттің мән-жайын тергеп, кінәлілерді жауапқа тарту да солардың мойнында.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмыстан хабардар. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды.
Мемлекет басшысы жоғарыға елеңдемей мәселені жергілікті жерде шешуді тапсырды. Сын сағатында «жұмылған жұдырықтай жұмыс істеу керек» деп түйіндеді сөзін.
Данияр Қайыртай