Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына барды. Елдімекеннің орталық алаңын аралап, заманауи спорт кешенінің жұмысымен танысты. Әрі аймақ диқандарымен кездесті.
Данияр Қайыртай, тілші:
Бұл Қызылорданың іргесіндегі Нағи Ілиясов ауылы. Ауыл деген аты ғана. Әйтпесе қаладан кем емес. Елдімекенді абаттандырып, әлеуметтік нысандар салуға жергілікті дәулетті азаматтар атсалысып келеді. Қазір ауылда 2 жарым мыңға жуық тұрғын бар. Халық негізінен күріш шаруашылығымен айналысады.
Ауылға демеушілік ететін шаруашылық 5 мың гектар жерге күріш егеді. Компания 470 тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Әрі жыл сайын ауылдың дамуына 100 млн тг қаражат бөледі.
Сағдат Нұрмағанбетов, Нағи Ілиясов ауылының әкімі:
Спорт кешеніне бюджеттен 180 млн тг қаржы бөлінсе, Абзал и К демеушілігімен 204 млн тг қаржы бөлініп, 384 млн тг үлкен спорт кешені салынды. Сонымен қатар ауылда 1,5 гектар жерге еңбекшілердің құрметіне 450 млн теңгеге Еңбекшілер аллеясы салынған болатын.
Мемлекет басшысы осы нысандарды аралап көрді. Спорт кешенінде жергілікті халық футбол, волейбол, үстел теннисі және күрес түрлерімен шұғылдана алады. Президент жаттығу жасап жүрген жеткіншектермен кездесті. Бұдан соң мемлекет басшысына Нағи Ілиясов ауылын абаттандыру және облыстың үздік ауылдары туралы бейнеролик көрсетілді.
Президент ауыл көркіне айналған «Еңбек аллеясына» барып, жұмысшылармен кездесті. Диқандар ауыл шаруашылығының дамуына мемлекет айрықша мән беріп жатқанына ризашылығын білдірді. Әсіресе, Су ресурстары министрлігі құрылғанын сыр бойының шаруалары қуана қабылдаған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі өте күрделі заманда ең алдымен елімізде тыныштық болуы керек. Ең басты құндылық – еліміздің, халқымыздың татулығы. Сондықтан күш-жігерімізді пайдаланып, еліміз үшін, отанымыз үшін жұмыс істеу керек.
Мемлекет басшысы ауыл жастарын қолдайтынын айтып, оларды еңбекқор, отансүйгіш болуға шақырды. Әрі Нағи Ілиясов сияқты ауылдарды көбейту қажеттігін атап өтті. Оған кәсіпкерлер де белсенді атсалысуы керек деді- Президент.
Данияр Қайыртай