Ташкентте «Алаштың асыл арысы» көрмесі ашылды
«Алаштың асыл арысы» атаумен Ташкентте халықаралық көрме ашылды. Алаш қайраткерлері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы мен Халел Досмұхамедовтің 140 жылдығына орайластырылған көрменің ашылуына тарихшы ғалымдар, мәдениет өкілдері мен жастар қатысты. Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов тарихы ортақ түркі елдерінің ынтымағы жайлы айтты. Көрмені Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен мемлекеттік орталық мұражай ұйымдастырған. Онда Алаш зиялыларының өмірінен сыр шертетін жәдігерлер орын алған. Шараның мақсаты бауырлас екі ел арасындағы мәдени байланысты арттырып, өскелең ұрпаққа алаш арыстары жайлы мол мағлұмат беру. Өзбекстанның саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайы ғимаратында ашылған көрме қазанның 11 не дейін жалғасады.
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
Қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түркімен бұлардың өткені тұтас тарих, бүтін тарих. Олардың зиялылары қол ұстасып бірге жүрген, азаттық үшін бірге күрескен. Шоқайдың айтқаны бар: Түркістан халықтары бір болыңдар, Түркістан жастары осыған көңіл аударыңдар, бірге болыңдар, тер төгіңдер -деген. Мен бұл өсиет Түркістан халықтары үшін еш уақытта құнын жоғалтпайтын өсиет деп білемін.
Базаркүл Отыншиева
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
