Басты Жаңалықтар Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығының қылмысы ашылмай тұр

Батыс Қазақстан облысында мал ұрлығының қылмысы ашылмай тұр

Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданында мал ұрлығына қатысты қылмыстық іс бір жылдан бері ашылар емес. Барымташылартбес шаруаның 88 бас сиыры мен жылқысын айдап әкеткен. Ұрының ізіне түсіп, ұстап берсек те, полиция әрекетсіз отыр дейді олар. Ең сорақысы - миллиондап ақша беріп, істі жабуға тырысып баққандар да бар.

Сайқын ауылының шаруалары былтыр қыркүйектен бері жоқ іздеп жүр. Жыл өтті. Ұры ұсталмайды, тергеу тиянақсыз, іс бір орында тұрып қалды.

Алмабек Қазиханов, Сайқын ауылының тұрғыны:

Бесеумізден 88 бас кетіп отыр. Соның ішінде 17-сі - сиыр, қалғаны жылқы. Полициядан күмәнданып тұрмыз, шыны керек. Аудан әкімшілігіне он рет бардық, қайта-қайта жиналыс жасады. Ешқандай нәтиже жоқ. Сыбайластық бар деп ойлаймын. Облыстық полиция департаментінің бастығы да сөз берді. Үш айдан кейін іс ашылады деп. Тып-тыныш.

Жүген ұстап қалғандардың бірі - Нұрлыбек Шынғалиев шығынын 15 млн теңгеге бағалап отыр. Ең қызығы, оның жазған арызы бөлімшеде жоғалып кеткен. Адвокат жалдап, істі қайта қозғатқан. Тіпті қамауда жатқан күдіктімен де кездестіріп, шағымды қайтарып алу үшін ақша ұсынған.

Нұрлыбек Шынғалиев, шаруа:

Он айдың төңірегі болды, жылқы жоғалттым, 16 бас жылқымды. Полиция бөліміне шақырып, Өтеғалиев Едіге дегенмен кездестірді. Ол қазір киік мүйізіне қатысты ма, әйтеуір, шаталып жатқан адам. Ол айтты "мен саған 3 млн теңге ақша берем, сен маған қояр талабым жоқ деп жазып бер" деді. Мен оған келіскен жоқпын. Одан кейін 5 млн, сосын 7 млн береміз деді. Оған да келіспедім. Ақшаны беріп-беріп, қылмысты жауып, ұрылар жүре беру керек боп тұр ма сонда?!

Ауылда 29 бас малын ұрлатқан Нариман Юшаков полицейлерді күдіктімен көздестірсе де, барымташының әлі бостандықта жүргенін айтып қынжылды. Ал аудандық полиция бөлімінің бастығы Бақберген Молдағалиев мұндай сорақы жәйттер туралы ештеңе білмейтінін айтты. Жыл басынан бері ауданда 9 мал ұрлығы тіркелген. Оның тек 4-еуі ашылған.

Бақберген Молдағалиев, Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің бастығы:

Бес арызданушы адамның бәрімен де кездестім, сөйлестім. Бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Шынғалиевқа ақша ұсыну бойынша мәлімет бере алмаймын. Себебі ол кезде мен бұл қызметте болған жоқпын. Келгеніме екі ай болды, сыбайластық бар, қызметкерлерімнің ұрлыққа қатысы бар деп айта алмаймын. Ал Сүйіндік ауылындағы Юшаков деген азаматтың 29 бас жылқысы бойынша да жұмыс жасап жатырмыз. Нәтиже болады.

Жазда ауданға облыстық полиция департаментінен "қылмысты жасыру" және "парамен сатып алу" күдігімен тексеру комиссиясы барған. Арызды уақытылы тіркемеу дерегі расталса да, аудандық полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылығы анықталмаған. Ал аймақты дүрліктірген бұл оқиға туралы аудан әкімі жақ ашпады. Кейін осы шаруа қожалықтарын жақтаған аудан әкімінің орынбасары аяқ асты қызметінен кетті. Істі төрт айда ашып беремін деп уәде берген аудандық прокурор да қам-қарекетсіз жатыр. Ал шаруалар қылмыс ашылмаса, ұрылар дандайсып, айылын жимай кетеді деп алаңдайды.


Ардақ Мұратқызы

Бөлісу