Аумағында ірі кәсіпорыны бола тұра тұрмысы төмен аудан мен ауылдар көп. Сенаторлар осы мәселені заң жүзінде реттеуге мүдделі. Бүгін бір топ депутат көшпелі отырыс өткізді. Негізгі тақырып – өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту. Президент жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін бірқатар тапсырмалар жүктеп, бағыт көрсетті. Ал депутаттар қайда барып, қандай мәселелер талқылады? Азамат Бейбітұлы айтады.
Үлкен Отандағы кішкентай «Родина». Целиноград ауданына түсетін жалпы салықтың 36 пайызын осы ауылдағы агрофирма беріп отыр. Теңгеге шақсақ 6 млрд. Бірақ, соның тек 11 млн теңгесі ғана селолық окруктың бюджетіне түседі.
Иван Сауэр «Родина» АФ» ЖШС басшысы:
Бұл, әрине, әділетсіз. Ауылдық округтағы кәсіпорын қаншалықты көп төлесе, жергілікті әкімдікке де соншалықты көп қаржы қалуы керек. Себебі, сол арқылы ол жеке дара шешім қабылдап, белгілі бір мәселелерді шешуі тиіс. Бірақ, қазір біздің түсімдер мен әкімдіктің қаржыландыруы арасында мүлде байланыс жоқ.
Салықтағы сыбағасынан қағылып жатса да мұндағы тұрмыс берекелі. Оны ұзақ тарқатып айтуға болады. Мұндағы агрофирма астық егеді, мал шаруашылығымен айналысады. Күніне 90 тонна сүт шығарады. Астананың сүт өнімдеріне деген қажеттілігінің 80 пайызын еңсеріп отыр. Мұндай ірі кәсіпорыны бар ауыл мен аудандар елде көп. Бірақ, басым бөлігінің тұрмысы нашар.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Біз бүгінгі отырыс барысында бұл мәселелердің бәрін толық қарадық. Тиісті ведомство басшылары әкімдерден, мәслихат депутаттарынан сенаторлар ұсыныстар түртіп алды, ары қарай бұл заңдық тұрғыда үлкен шешімдер шығаруға көмектеседі деп ойлаймыз.
Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңыздыекені жолдауда айтылды. Мәселенің реңі рет-ретімен өзгерер. Оның үстіне,қазір бюджеттік кодекстің жаңа үлгісі жазылып жатыр.
Бауыржан Омарбеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
Жергілікті деңгейдегі, төртінші деңгейдегі бюджеттердің өзінің табысы 35-ақ млрд теңге. Оны көтеру үшін қосымша төлемдер мен салықтардың түрін ... беріп ауылдық дегейдегі бюджетті қысқа уақытта 4 есеге дейін ұлғайтуды алға қойып отырмыз.
Вице-министрдің айтуынша, қазір әкімшілік реформа жүріп жатыр. Онда функцияны орталықтан облысқа облыстан аудан-ауылға беру тетіктері түзілуде. Түбі жергілікті әкімдіктердің бюджеттері артып, өздері толық шешім қабылдайды. Әзірге кәсіпорындары бар ауылдардағы ахуал «шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей боп тұр.
Азамат Бейбітұлы