Басты Жаңалықтар Алматыда «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Құқықтық дәріхана» шарасы ұйымдастырылды

Алматыда «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Құқықтық дәріхана» шарасы ұйымдастырылды

Алматыда «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Құқықтық дәріхана» шарасы ұйымдастырылды. Тұрғындар мәселелерін айтып, кеңес алды. Шарада қалалық прокуратураның мамандары әлеуметтік қолдау, тұрғын үй, еңбек, отбасы мәселелері бойынша құқықтық көмек көрсетті.
Шараға келгендердің бірі – алматылық Мұхтар Тәшкенбаев. Ол еңбек дауына байланысты бір жылдан астам уақыт мәселесін шешуге тырысып жүр. Ол үш рет кеңес алып, кәсіби мамандардың көмегі арқылы жағдайына нүкте қоймақ.
Мұхтар Тәшкенбаев, қала тұрғыны:

Бұл халыққа өте жақсы көмектесіп жатыр. Өйткені, бұлар басқарма, бөлім, бастықтары, прокурорлар келіп халыққа тікелей көмек көрсетеді. Бұл жерде менің түгел мәселем толықтай шешілді.
Маусым айында басталған шара қаладағы үлкен ірі сауда орталығында аптасына үш рет өткізіледі. Кәсіби мамандар тұрғындарға кешкі уақытта - сағат бестен сегізге дейін кеңес береді.
Айман Алтай, қала тұрғыны:
Құқық қорғау қызметкерлерінің тегін кеңес өткізетінін әлеуметтік желіден білдім. Кездесу барысында барлық сұрағыма толық жауап алдым. Заң саласының мамандары ашық әрі жан-жақты ақпарат ұсынды.
Алматы бойынша осы уақытқа дейін 1500-ден аса тұрғын құқықтық кеңес алған. Күніне шамамен 30–40 адам маман көмегіне жүгінген. Олардың ішінде 400-і - тергеу, тағы 400-і - жалпы қадағалау бағыты бойынша келіп түскен өтініштер. Ал мемлекеттік сот орындаушыларына қатысты – 200-ден астам адам, алимент мәселесімен - 100-ге жуық тұрғын кеңес алды, дейді мамандар.
Қанат Байтіленов, қалалық Прокуратура басқарма басшысының орынбасары:
Заң аясында түсіндірмелер беріліп, дұрыс бағыттар көрсетіліп, қай органдарға қайрылу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Азаматтар келіп өздерінің сұрақтарын көтеріп, оған жауаптарын алып кетуде.  Әр азаматтың әртүрлі сұрақтары болып жатыр. Сотқа арыз құрастыруда жәрдем береміз. Оның жобасын дайындауға көмектесеміз.
Мамандар «Заң және тәртіп» жобасы шеңберінде өткен шара халық пен заң өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, құқықтық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді, дейді. Ал мұндай кездесулер алдағы уақытта да жалғасады.

Бөлісу