Басты Жаңалықтар Қазақстан мен АҚШ 17 млрд долларлық ірі келісімдерге қол қойды

Қазақстан мен АҚШ 17 млрд долларлық ірі келісімдерге қол қойды

Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойылды. Вашингтонда өткен С5+1 саммиті Орталық Азия елдерінің даму динамикасына серпін беретіні анық. Әуе саласындағы бірлескен жобадан бастап, агросектор мен өңдеу өнеркәсібіне қатысты маңызды шешімдер қабылданды. 
Орталық Азияға аңсары ауған алпауыт көп қазір. Бес ел бауырлас, мүдделес. Әрі, Кәрі құрлық пен Сары құрлықтың арасындағы алтын арқау. АҚШпен келісімге келу арқылы еліміздің қай нарықта да жаһандық стандарттарға жақындай түсетіні белгілі. Сондықтан да тарихи кездесудің бәсі биік, маңызы жоғары.
Әуелі әуе саласындағы өзгерістен бастасақ. Отандық Air Astana мен Америкалық Boeing компаниялары арасында 7 миллиард долларлық стратегиялық серіктестік орнады. Алдағы уақытта Қазақстан кең әрі жайлы Dreamliner ұшақтарын сатып алып, жаңа халықаралық рейстер ашпақ. Яғни бұрынғыдан да көп елдерге тікелей ұшуға мүмкіндік туады.
Әлиқан Базарбек, саясаттанушы:

Шамамен 15-18 ұшақ алынады. Олардың модельдеррі Бойнг 727 Дрим Лайнер. Материктердің арасында ұша алатын ұшақтардың бірі. Яғни Астана мен Нью-Иорк арасында тікелей рейс ашылуы мүмкін. Рейстер ашылғаннан кейін Қазақстан транзиттік хабқа айналады.
Сонымен қатар, Қазақстан мен АҚШ Қарағандыдағы вольфрам кенін бірлесіп игермек. Жобаға 1,1 миллиард доллар инвестиция жұмсалады. Вольфрам - ұшақтар мен зымырандардарды, әр түрлі электроникалық құрылғыларды жасауда қолданылатын өте бағалы металл. Жоспар жүзеге асса еліміз тек шикізат экспорттаушы емес, құнды металдарды өңдеп, дайын өнім шығаратын мемлекетке айналады.
Жұмабек Сарабек, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Қазіргі таңда сирек кездесетін металдардың 80-90 пайызы, оны өндіру, өңдеу барлығы Қытайда шоғырланған. Бұл өз кезегінде АҚШ тәуелділіктен арылғысы келеді. Сондықтан ол ресурстарды Орталық Азиядан, ресурстардың қайнар көзі ретінде қарастырып отыр.
Мұхиттың арғы бетінде ауыл шаруашылығын дамытатын ірі жоба да бекітілді. Қазақстанның AgromashHolding KZ компаниясы мен америкалық John Deerе компаниясы бірге 2,5 миллиард долларлық келісімге келді. Алдағы бес жылда елімізде кемінде 3 мың ауыл шаруашылығы техникасы құрастырылып, 3 сервис орталығы ашылады. Сондай-ақ өндіріс мамандары даярланады. Инновациялық бастамалар шаруалардың еңбек өнімділігін арттыратыны анық.
Әлішер Сатвалдиев , ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл келісімшарттарды жүзеге асырумен бізде ең алдымен жаңа технологиялар келеді елімізге. Жаңа жұмыс орындары ашылады. АҚШ-тың енді бүгінгі таңның өзінде бізде 600 ден астам компаниялары жұмыс істеп отыр. АҚШ бізге 17 млрдтан басқада инвестиция салуға мүдделі.

Ақ үйдегі жүздесу Қазақстанға жаңа экономикалық, инвестициялық және дипломатиялық мүмкіндіктер ашып, өзара әріптестікті нығайтуға жол салды.

Бөлісу