Шетелдік сарапшылар: АҚШ пен Орталық Азия қарым-қатынастың жаңа дәуірін бастады
АҚШ пен Орталық Азия қарым-қатынастың жаңа дәуірін бастады. Вашингтонда алғаш рет өткен C5+1 саммитінен соң америкалық сарапшылар осылай байлам жасап отыр. Мамандар ендігі қадам диалог алаңын ресми құрылымға айналдыру керек, дейді.
АҚШ осы кезге дейін Орталық Азия аймағымен жан-жақты байланысты тереңдетуге жеткілікті мән бермей келді. Бірақ, Ақ үйде өткен үлкен жиын бұл ұстаным мен көзқарастың түбегейлі өзгергенін көрсетеді, дейді сарапшылар. АҚШ президенті әсіресе Қазақстанмен байланысты жаңғыртып, тұрақты экономикалық ынтымақтастық орнатуға мүдделі. Сарапшылар оның Қазақ президентін жылы әрі ерекше құрметпен қабылдап, ресми де бейресми әңгіме дүкен құрғаны соның бір дәлелі дейді.
Томас Данс, сарапшы:
Менің ойымша, бұл тамаша оқиға. Ұзақ жылдар бойы Орталық Азия бойынша жұмыс істеп, сол жақта білім алған адам ретінде, осындай күннің келгенін көру - үлкен қуаныш. Бұл жаңа дәуірдің бастауы деп айтуға болады. Ең маңыздысы - адамдық байланыстар орнады. Бұл тек барлық елдердің басшылары мен президент Трамп арасындағы кездесулерде ғана емес, сондай-ақ бизнес қауымдастықтың бірігіп, жаңа бастамаларды жариялауы мен болашақ мүмкіндіктерге үмітпен қарауы да үлкен жетістік.
Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі:
Қазір АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты сыртқы саясаты нақты прагматикалық саясат кезеңіне көшті деп атар едім. Сіздің еліңіз тәуелсіздік алғаннан бері біз идеологиялық бағыттан — яғни өз идеяларымызды үкіметіңізге енгізу әрекетінен — шынайы саясатқа өттік, мұнда біз жағдайды қалай бар сол күйінде қабылдап, алға жылжимыз. Қазір біз дәл осы кезеңдеміз және сіздің еліңізбен де, бүкіл өңірмен де ынтымақты қарқынды түрде жалғастырамыз деп ойлаймын.
Прагматикалық саясаттың бір нышаны бұл саммит жай ғана ресми шара болған жоқ, құны ондаған миллиард доллар болатын екі жақты маңызды келісімдер жасалды. АҚШ аймақпен экономикалық байланыстарды тереңдетуді көздейді. Әсіресе, өндірісіне керек сирек металдардың жетпіс пайызын Қытайдан алатын ел үшін Орталық Азияның пайдалы қазбаларын игеруге ерекше екпін беріп отыр. Ал, өңірге әлемдік нарықтарға берік ену үшін АҚШ-тың тұрақты инвестициясы мен озық технологиясы қажет. Яғни, тұрақты байланыстан екі жақ та ұтпақ.
Джон Хербст, Дипломат, Атлантикалық Кеңестің Еуразия орталығының аға директоры:
Мен АҚШ пен өңір елдері арасында келісілген немесе қол қойылған бизнес келісімдердің тізімін көрдім — бұл жүздеген миллиард долларды құрайды. Егер осы келісімдердің төрттен бірі ғана жүзеге асса, бұл АҚШ-тың өңірдегі қатысуындағы алға жасаған зор қадамы болмақ. Бұл сіздер үшін де, біз үшін де, Орталық Азия елдері мен әсіресе Қазақстан үшін де пайдалы.
Стивен Фредерик Стар, Ресей және Евразия бойынша сарапшы:
Өңірлік институттар қажет. Президенттік кездесулер — тамаша нәрсе, мемлекет басшыларының жетістігі зор, бірақ тек осымен шектелуге болмайды. Күнделікті байланыстар қажет: визалар, кедендік тарифтер, салықтар, медицина, білім беру саласында. Сіздер — мұндай тұрақты құрылымдары жоқ жалғыз аймақсыздар. C5+1 аясында дамыған қарым-қатынасты табысты ету үшін екі тарап та осы ынтымақты институционалдық деңгейге көтеруі керек.
Қазіргі таңда Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы бес миллиард долларға жетті. Сарапшылардың болжамынша, келесі жылы бұл көрсеткіш еселеп өсуі тиіс. Оған екі елдің осы саммит аясында құны 17 миллиард доллар болатын отызға жуық келісімге қол қойғаны тікелей ықпал етпек. Дегенмен бұл уағдаластықтар тек экономикалық көрсеткішті арттырып қана қоймай, болашақ іскерлік байланыстардың да қарқын алуына жол ашпақ.
Автор
Жалғас Сәдібекұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Қазақстан мен АҚШ 17 млрд долларлық ірі келісімдерге қол қойды
08.11.2025, 17:47
Алматыда «Заң және тәртіп» жобасы аясында «Құқықтық дәріхана» шарасы ұйымдастырылды
08.11.2025, 17:15
Степногорск қаласының дәрігерлері отаны қарапайым палаталарда жасауға мәжбүр
08.11.2025, 17:12
Қазақстан - Дональд Трамптың екінші мерзімінде Ибраһим келісіміне қосылған алғашқы мемлекет
08.11.2025, 17:11
Павлодарда құрылыста 58 жастағы азамат қайтыс болды
08.11.2025, 17:10
АҚШ пен Орталық Азия арасында жаңа кезең басталды
08.11.2025, 17:10
Қазақы тазы аңшылық сынақтан өтті
08.11.2025, 17:07
Спортшыларымыз Токиода өтетін Сурдлимпиада ойындарына аттанды
08.11.2025, 17:06