Алматы облысына қарасты Қырбалтабай ауылында 3 жасар сәби кәріз құдығына құлап, көз жұмды. Оқыс жағдай балабақша аумағында болған. Бүлдіршін неге қараусыз қалды? Жазым болған баланың ата-анасы бұл тәрбиешілердің салғырттығынан болды деп күйініп отыр.
3 жасына енді толғанда оқыстан қайтыс болған Заңғардың анасының айтуынша, қайғылы жағдай 13 қыркүйек күні таңғы 10:30 шамасында Қырбалтабай ауылындағы мемлекеттік балабақша аумағында болған. Ұлы өзге балалармен бірге серуенге шығып, ойын алаңынан қайтып оралмаған.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Үш жасар бала мына кәріз қалдықтарына арналған құдыққа түсіп кеткен. Қақпағы жұқа қаңылтырдан жасалған. Оны бүлдіршіннің өзі ашты ма, әлде ашық қалды ма, әзірге белгісіз. Дегенмен, оқыс оқиғадан кейін оны мықтап дәнекерлеп тастапты.
Ойын алаңының дәл жанында орналасқан кәріз құдығының тереңдігі 2,5 метр. Оның ішіне құлаған бала тұншығып, сол сәтте жан тапсырған.
Ақбота Сатқынбаева, Заңғардың анасы:
Төмен қарады ма екен, басы ауып кетті ме екен, әлде біреу итерді ме екен?! Кім болды, не болды десем, олар да білмейді. Біз кінәліміз, кінәліміз дейді, болды. Баламды қайтара алмаймын ғой. Бірақ енді бұлай салғырттық жасамаса екен деймін. Ол жақта менен де бөлек ата-аналар, балалар бар.
Сол күні балабақшада тәрбиеші мен меңгеруші қызмет атқарыпты. Олар баланың өз тобында жоқ екенін 30-40 минут өткен соң бір-ақ байқаған. Бүлдіршіннің қалай және қандай себеппен құдыққа түсіп кеткенін өздері де білмейді. Ал сол маңдағы бейнебақылау камерасы кәріз құдығы орналасқан аумақты түсірмейді екен.
Зарина Бөлекбаева, Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің бас маманы:
Құзырлы органдар тарапынан тергеп-тексеру амалдары басталды. Біздің тарапымыздан аталған балабақшаның меңгерушісін бөлім басшысының бұйрығымен жұмыстан босаттық. Осы қайғылы оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші мен кіші қызметкерді жұмыстан босаттық.
Қауіпсіздік ережелерін ескермеген және жұмысына салғырт қарады деген күдікке ілінген балабақшаның үш қызметкеріне қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Бұл мамандарды біз де ауылды шарлап іздедік. Алайда таба алмадық.
Ернар Сайділдин, облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
Аталған дерек ҚК 141-бабының 2-бөлігі бойынша полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық және жан-жақты зерттеуді қамтамасыз ету үшін қажетті сараптамалар тағайындау мен тергеу шаралар жүргізілуде.
Бүлдіршіннің ата-анасы баланың мұрны сынған және денесінде түрлі жарақаттар бар деп отыр. Айта кету керек, оқыс жағдай орын алған балабақшада бүгінде 90-ға жуық жуық ұл-қыз тәрбиеленді.
Нұрсұлтан Тілектес