Жетісу облысында бірнеше күннен бері сұйытылған газ тапшы. Облыс орталығыдағы автогаз құятын бекеттердің бәрінде «газ жоқ» деген жазу тұр. Көгілдір отынмен жүретін көлік жүргізушілері тоқтап қалған. Басты себеп Павлодар мұнай өңдеу зауыты сұйытылған отынды дер кезінде жібермеген. Ал өңірге айына 4000 тоннадан астам көгілдір отын қажет.
Жанат Смағұлов, көлік жүргізуші:
Міне, екі-үш күн болды қалада газ жоқ. Қайда барсаң да жоқ. Бес, алты бекетті аралап шықтым. Еш жерде газ жоқ.
Мәселенің ақ қарасын анықтау үшін бүгін жергілікті билік құзырлы органдармен шұғыл кеңес өткізді. Көгілдір отын тек автогаз құятын бекеттерде ғана емес, қаладағы кейбір көпқабатты үйлерде де жоқ. Өңірдегі газ таратушы компаниялар қыркүйекке қажет газдың қаржысын айдың басында толық төлеп қойған. «Дегенмен газ өндіруші кәсіпорын өз міндеттерін уақытылы орындамай жатыр», - дейді таратушылар. Ал Павлодардан темір жол арқылы сұйытылған газ Талдықорғанға 13 күнде жетеді.
Данияр Ысқақов, Жетісу облыстық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:
Павлодар зауытынан қазіргі уақытта 61 вагон шығу керек. Оның тек қана бесеуі жолда. Павлодар зауытынан біздің облысқа жеткенше 10-13 күн уақыт алады. Бес вагонның көлемі 180 мың тоннаны құрап отыр.
Қуаныш Қанатұлы