Қазақстан мен Албания астаналары арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Албания астаналары арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін

07.09.2023

Қазақстанның елордасы мен Албания астанасы Тирана арасында тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Албания Президентімен келіссөз кезінде осындай бастама көтерді. Ресми сапармен келген Албания басшысы Байрам Бегай мен Қазақстан Президенті бүгін Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда кездесу өткізген. Тараптар талқылаған мәселелерді тілшіміз Данияр Қайыртай тыңдады.

Қазақстанға ресми сапармен келген Албания Президенті Байрам Бегайды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатпен күтіп алды. Протоколға сай көк кілем төселіп, Құрмет қарауыл ротасы тізіліп тұр. Әскери оркестр сырнай тартты. Екі ел басшылары алдымен бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Кейін Қазақстан мен Албанияның мемлекеттік әнұрандары шырқалды.

Данияр Қайыртай, тілші:

Албания Президенті лауазымындағы тұлға Қазақстанға алғаш рет сапарлап келіп отыр. Қ.Тоқаев пен Байрам Бегай сауда-экономика, көлік-логистика және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты талқылайды.

Байрам Бегайдың тарихи сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтереді. Бұған Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын құрамда өткен келіссөзде "Қазақстан Албаниямен тығыз қарым-қатынас жасауға ниетті" деген сөзі дәлел.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көптеген салада ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік мол. Екі аптадан соң елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Сіздің сапарыңыздың осы айтулы датамен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар.

Албания Президенті де Қасым-Жомарт Тоқаевты өз еліне сапарлап келуге шақырды. Ал кеңейтілген құрамдағы келіссөзде Қазақстан Президенті Астана мен Тирана арасында әуе рейсін ашу мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Туризм, көлік, энергетика және басқа да салалардағы байланысты сөз еткенде, астаналарымыз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұмытпау қажет. Қазақстан өзара ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін тағы да атап өткім келеді.

Тікелей рейстің жоғы екі ел арасындағы барыс-келісті қиындатып отырғанға ұқсайды. Оны туризмге жауапты жаңа министр де мойындады.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

Бүгінгі таңда өкінішке қарай, Албаниядан 211 адам келсе, біздің ортамыздан 3-ақ адам турист болып барыпты сол жаққа. Жұмыс келеді деп ойлаймын.

Албания басшысы Байрам Бегай экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға екі елдің әлеуеті жеткілікті деді.

Байрам Бегай, Албания президенті:

Тау-кен, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы өзара ынтымақтастығымызды нығайтқымыз келеді.

Келіссөздерден соң екі ел басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Албания Президентінің сапары ертең де жалғасады.


Хабарламаларға жазылу