Президент: Орталық көшелерді ғана жарқыратып қоймай, қаланың шеткері аудандарына да көңіл бөлу қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент: Орталық көшелерді ғана жарқыратып қоймай, қаланың шеткері аудандарына да көңіл бөлу қажет

05.07.2023

«Орталық көшелерді ғана жарқыратып қоймай, қаланың шеткері аудандарына да көңіл бөлу қажет». Президент Астананың 25 жылдығына арналған бауырлас қалалар форумында осылай деді. Әрі қаланы абаттандыруда «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын ұстануды ескертті. Себебі мегаполистің қалай дамып жатқаны тұрғындарының тұрмыс сапасынан көрінеді деді. Әлемнің 13 мемлекетінен 17 муниципалитет басшысы қатысқан форумда Президент тағы не айтты?

Данияр Қайыртай, тілші:

25 жылда Астананың аумағы 3 есе ұлғайып, халқының саны 4 есе өскен. Ал 2030 жылға қарай 2 млн жетеді деген болжам бар. Қаланың экономикалық әлеуеті де қарқынды өсіп келеді. Өткен ширек ғасырда оның көрсеткіші 100 есе артқан. Қазір елдегі ЖІӨ-нің 10 пайыздан астамы Астана экономикасына тиесілі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астана – аймақтағы ірі қаржы орталығы. Әлемнің 75 елінің 2 мыңнан аса компаниясы бизнес жүргізу үшін Астана халықаралық қаржы орталығын таңдады. Бүгінде Қаржы орталығы елімізге 8 миллиард доллар инвестиция тартты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Жақсы көрсеткіштер бола тұра, қала үйлесімді дамып жатыр дей алмаймыз деп сынады Президент. Сондықтан қала әкімдігі, ең алдымен, тұрғындардың мүддесі мен сұранысын басшылыққа алуы керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие бола бастады.

Елордада «жасыл қала» идеясын жүзеге асыруға да айрықша мән беріледі деді Президент. Сондай-ақ, «Ақылды қала» тұжырымдамасын қолданысқа енгізу де – өзекті міндет. Жасанды интеллект қала халқына жаңа цифрлық қызметтер ұсынуға және энергияны тиімді жұмсауға мүмкіндік береді. Әрі көшедегі қауіпсіздікті арттырып, жолдағы кептелістерді азайтуға үлес қосады. Астана – медиаторлық миссиясымен де мойындалған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әлемдік саясатшылар Астананы бейбітшілік алаңы дейді. Ұстанымы бөлек, мүдделері кереғар елдер осында бітімге келді. Келешекте де Астана біздің геосаяси аймақтағы маңызды орталық ретінде дами бермек.

Қ.Тоқаев ел экономикасы тоқырауда тұрғанда астананы Алатаудың баурайынан Арқа төсіне ауыстыру оңай болмағанын еске салды. «Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды» деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек.

Білім беру, денсаулық сақтау, мәдени мекемелер мен саябақтар қаланың барлық тұрғынына бірдей қолжетімді болуға тиіс, әсіресе ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін» деді Мемлекет басшысы. Астананың қазіргі әкімі шет елдерден инвестиция тартылып жатқаны туралы есеп берді.

Жеңіс Қасымбек, Астана қаласының әкімі:

Небәрі 25 жыл ішінде біз 33 млн шаршы метр тұрғын үй, 670 балабақша мен мектеп, жүзден астам мәдени және спорт нысандарын салдық.

Форум аясында бірнеше декларация мен меморандумға қол қойылды.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу