Басты Жаңалықтар «Жұртқа жақын полиция» қағидаты қашан орнайды?

«Жұртқа жақын полиция» қағидаты қашан орнайды?

Кейінгі екі жылда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың салдарынан 300 адам көз жұмған. Ал денсаулыққа зиян келтіру бойынша 1600-ден астам факті тіркелген. Осындай істер бойынша 37 мыңнан артық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бұл статистиканы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялады. Ал есепке алынбаған қанша оқиға бары белгісіз. Қоғам арасында қол көтеруді қалыпты жағдай санайтындар да кездеседі. Үйдегі жанжалды жасырып қалуға тырысатындар да көп.

Ал жәбір көруші арланады, сондықтан арызданбайды... Жұрт өзін табалайды деп, яғни виктимблеймингтен қорқады. Бұл тұжырымның бәрін бұған дейін «Апта» бағдарламасында көрсетілген отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбындағы сюжеттерден түйдік. Кейіпкерлеріміздің жантүршіктірерлік оқиғалары көз алдымызда...

Президент «Уақтылы шаралар қабылданса, отбасылық және тұрмыстық ұрыс-керіс кезінде жасалған қылмыстардың көпшілігінің алдын алуға болар еді. Яғни біреудің өмірі мен денсаулығын сақтап қалар едік. Мұны тәжірибе көрсетті. Қоғам сіздерден отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тиімді әрі жүйелі іс-әрекет күтеді» деп учаскелік инспекторларға зор жауапкершілік жүктеді.Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіндегі негізгі ойлар келесі бейнематериалда.

Полиция күніне дейін не кейін өтетін дәстүрлі жиында ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіру туралы тағы айтылды. Себебі полиция қызметінің сервистік моделі пилоттық режимде енгізіле бастағанын жұрт білмейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ашығын айтқанда, қызмет көрсетудің сервистік моделі туралы тек мамандар ғана айтып жүр. Қарапайым азаматтар мен қоғам өкілдері пікір білдіріп жатқан жоқ. Бұл – халық оның нақты нәтижесін, оң өзгерістерді көріп жатқан жоқ деген сөз.

Мемлекет басшысы лицензиясы жоқ жекеменшік компанияның жетегімен қажылыққа аттанып, құжаттарындағы қателік үшін Сауд Арабиясының түрмесінен бір-ақ шыққан 120 азаматтың оқиғасын да бей-жай қалдырмады. Бұл сол күнгі өзекті тақырып еді. Президент алаяқтық жасағандар жауапқа тартылатынын, ал алданғандарға мемлекет көмектесетінін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар.
Сол құқықтық сауаттылықты арттыру үшін полицейлер оқу орындарына барып жастарға заңды түсіндіруі керек, деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастарымыз заңды білмейді, заңды сақтаудың мән-маңызын түсінбейді. Ал мұндай құқықтық сауатсыздықтың салдары өте ауыр. Мен әрбір жиында қоғамымызда заң үстемдігі болу керек, соның негізінде тәртіп болу керек деп айтып жүрмін. Полиция қызметкерлері осы қарапайым тұжырымдаманы халыққа, азаматтарға, әсіресе, жастарға жеткізуі керек.
Президент тапсырмасы бойынша Құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі комиссия қылмыстық және қылмыстық процестік заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасын әзірлеген. Бұл құжат тергеушілер мен анықтаушыларды бюрократиядан арылтады. Ал ол азаматтардың арыз-шағымын мейлінше тез қарастыруға мүмкіндік береді. Тағы бір маңызды мәселе – жолдағы қауіпсіздік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Соңғы үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Оның салдарынан 6,5 мыңнан астам азамат қаза тауып, 55 мыңнан астамы жарақат алды. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет.
Сондықтан, ең алдымен, азаматтардың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек деді Мемлекет басшысы. Апаттың көбеюіне жол инфрақұрылымының қауіпсіздік деңгейі де әсер етеді. Ел аумағына жөнсіз кіргізіле берген шетелдік көліктер де жолдағы жағдайды ушықтырып жібергенін айтты Президент. Бұл – уәкілетті мемлекеттік органдардың үстірт шешімінің кесірі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Оның ішінде Ішкі істер министрлігінің де қателіктері бар. Бұдан бөлек, шетелдік көліктерді әкелумен және оны есепке қоюмен айналысатын қылмыстық схемалар пайда болды. Оған полиция қызметкерлерінің де қатысы бар. Әділетті әрі құқықтық мемлекетте бүкіл құқық қорғау жүйесінің атына кір келтіретін мұндай заңсыздықтарға жол берілмеуі керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев тергеу кезінде адамды азаптап, қинайтын тыйым салынған тәсілдерге мүлдем жол берілмейтінін ескертті. Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізгендердің адам денесіне ыстық үтік басып, қайнаған су құйған жабайы әдістері қоғам санасында әлі жаңғырып тұрғанда мұндай ескерту де маңызды.

Данияр Қайыртай

Бөлісу