Сегізінші шақырылымға сайланған депутаттар 100 күн ішінде не тындырды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сегізінші шақырылымға сайланған депутаттар 100 күн ішінде не тындырды?

30.06.2023

Үкімет қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбайды! Мемлекеттік орган басшылары Парламентке дайындықсыз келеді. Ерлан Қошанов Министрлер кабинетінің жұмысын сынға алды. Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, депутаттық корпус бірінші сессияны ресми түрде жапты. Сегізінші шақырылымға сайланған депутаттар 100 күн ішінде не тындырды? 

Сегізінші шақырылымның алғашқы сессиясы ұзақ болмады. 3 айға ғана созылды. Тіпті, депутаттардың кейбірі жүз күндік жұмыстарын жатқа айтып бере алады.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мен өзім депутаттар арасында ең белсенді депутатпын. 6 депсауал жасадым. Осы қыркүйекте 3 заң жобасын ұсынып отырмын. Одан бөлек 18 жұмыс тобына қатыстым. 50-ге жуық ұсыныс енгіздім. 140-қа жуық адамдарды қабылдадым.

Төменгі палата депутаттары аз уақытта көп іс тындырдық дейді. Алайда арасында өз жұмысына көңілі толмайтындар да табылды.

Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бестік бағамен бағалайтын болсақ, өзіме 3 деген баға қоямын. Ал ондық шкаламен 6 қоямын. Енді ғана келдік қой. Жұмыс істегенімізге үш ай болды. Халықтың да жағдайы 5 болып тұрған жоқ қой. Халық жағдайы 5 болса, ұялмай-қызармай мен де 5 деген бағаны қояр едім.

Енді алдағы екі айда депутаттар өңірлерді аралайды. Халықтың мұң-мұқтажын, арыз-талабын тыңдауға аттанбақ.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Моноқалаларда жағдай қиын. Ол Риддер, Екібастұз, Рудный, Арқалық, Жаңаөзен, Теміртау, Кентау сияқты қалалардағы ЖЭЦ олардың дайындығы өте төмен деңгейде. Биыл қыста қатып қалу мүмкіндігі өте жоғары. Сол себептен солардың барлығын пысықтауға тырысамыз.

Ал кейбір депутаттар еңбек демалысына уақыт таппай отыр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Демалыста жұмыс істейміз әзірше. Демалу туралы ойлаған жоқпын. Қазір біз сайлаушылармен кездесуге барамыз. Одан кейінгі тиісті жаңа заң жобаларымен жұмыс істейміз. Егер уақыт қалатын болса онда отбасыммен.

Айдос Сарым, Қ Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Әлі жоспарлаған жоқпыз. Сессияның қашан бітетінін білген жоқпыз. Қандай күнтізбе болатынын білген жоқпыз ғой. Сондықтан енді кірісейін деп жатырмыз.

Сонымен сегізінші шақырылым депутаттары тура 100 күн жұмыс істеді. Осы аралықта Парламент қарауына 80-нен аса заң жобасы түскен. 25 заң қабылданып, 13-іне Президент қол қойды. Дегенмен, министрлер кабинетінің жұмысына көңілі толмайтындар да бар.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Экология министрімен кездескенде әрдайым дайын емес болып келеді. Министрдің өзін көрген жоқпын шынын айтайын. Вице-министр кейбір кезде келеді. Әдетте департаменттің бастықтары, сондай-сондай адамдар келеді.

Спикер Ерлан Қошанов та Үкімет жұмысын сынға алды. Қоғамда түйткілді мәселе көп. Оны шұғыл шешу үшін заңнамалық тұрғыдан реттілік керек. Осыны біле тұра, Үкімет заң жобаларын уақытылы ұсынбайды. Осылай деген төраға министрлер кабинетін келесі сессияға нақты дайындықпен келуді талап етті.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ. Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз.

Мемлекеттік орган басшылары Мәжіліске көбіне дайындықсыз келетінін де айтты Қошанов. Бұл кемшіліктер қайталана берсе шара қолданбақ.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Жауаптарының сапасы сын көтермейді. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз Үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз.Бұл біздің регламентте қарастырылған.

Ал жүз күннің жүзінде Парламент бірқатар маңызды заң қабылдады. Олардың арасында - заңсыз алынған активтерді қайтару, онлайн-платформа, сұйытылған газ айналымын реттеу, электр самокаттар қолданысы туралы заңнамалық құжаттар бар.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу