Басты Жаңалықтар Соңғы 2,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмған

Соңғы 2,5 жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмған

Соңғы екі жарым жылда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 300 адам көз жұмған. Ішкі істер министрлігінің алқа отырысында осындай дерек келтірген Президент мұндай жағдайлардың алдын алуды тапсырды. Ол үшін кешенді жұмыс қажет. Учаскелік инспекторлар шешуші рөл атқаруы тиіс,- деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрлікте жүргізілген реформалардың оң нәтижесін халық көріп отырған жоқ,- деді. Өйткені қылмыс азаяр емес. Әсіресе, алаяқтық пен жастар арасындағы заңбұзушылық белең алып барады. Сол үшін бұған қарсы күресті күшейтіп, полициядағы бюрократияны жойып, қызметкерлерді халыққа жақын болуға және заң аясында жұмыс істеуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір көптеген азаматтарымыз алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатыр. Сондықтан құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс. Оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керек. Себебі алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде.

Жол-көлік оқиғаларының артуы да алаңдатарлық жағдай. Соңғы үш жылда ол 9 пайызға көбейіп, 6,5 мыңдай адам қаза тапқан. 55 мыңы жарақат алған. «Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет»,- деді Президент. Жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.


Бөлісу