Халық сенімінен шыққан мәслихат депутаттары кадрлық резервке кіруі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық сенімінен шыққан мәслихат депутаттары кадрлық резервке кіруі мүмкін

29.06.2023

Халық сенімінен шыққан мәслихат депутаттары кадрлық резервке кіруі мүмкін. Олар кейіннен аудан, қала әкімі немесе Парламент депутаты бола алады. Мәжіліс спикері әрі Аманат партиясының төрағасы Ерлан Қошанов мәслихат депутаттарының форумында осындай ұсыныс айтты. Саяси шараға кімдер қатысты? Қандай ұсыныстар айтылды. Айя Мүтәлі тарқатады

Айя Мүтәлі, тілші:

Елімізде үш жарым мыңға жуық мәслихат депутаты болса, соның 75 пайызы, яғни 2 жарым мыңы Аманат партиясының мүшесі. Бүгін партия атынан сайланған мәслихат депуттары түгелімен Астана алаңында бас қосты. Республикалық деңгейдегі форум алғаш рет өтіп жатыр.

Үш ай бұрын ғана мандат алған депутаттар бүгін Қазақстанның әр аймағынан жиналды. Бір-бірімен танысып, мәре-сәре боп жатты. Естелікке суретке түсті.

Форумға партия төрағасынан бастап Үкімет мүшелері және саяси ұйымның өзге де жақтастары келген. Ең алғаш боп сөз алған Ерлан Қошанов алдымен партияға жүктелген міндеттерге тоқталды. Бір жыл ішінде «Аманат» бес бірдей саяси науқанға атсалысқан. Енді партия алдында Мәжіліс пен мәслихаттың байланысын нығайту міндеті тұр. Парламентте қаралған заң жобалары әуелі өңірде талқылануы тиіс. Ал аймақтағы депуттарға жергілікті мәселелерді Астанаға жеткізбей шешуі қажет екенін еске салды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «AMANAT» партиясының төрағасы:

Айналып келгенде, сол проблемалардың көбі сіздердің ықпалдарыңызбен өңірлік деңгейде шешілетін нәрселер. Сондықтан, барлық проблеманы орталыққа ысырып қоятын әдеттен арылғанымыз жөн деп ойлаймын.

«Аманат» партиясы бүгінде сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін жұмыс істеп келеді. Тиісті міндеттерді орындау Үкіметке жүктелген. Әлихан Смайыловтың дерегінше, 5 айдың өзінде экономикамыз 3,3 пайызға, жалпы ішкі өнім 4,5 пайызға өскен.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Үкімет жұмысының негізі мемлекет басшысының сайлауалды платформасын және «Аманат» партиясының бағдарламасын іске асыру болып табылады. Осы құжаттарды тиімді іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мәслихаттардың белсенді қатысуын талап етеді.

Ал Мемлекеттік кеңесші соңғы 4 жылда саяси реформалардың 4 пакеті жүзеге асқанын атап өтті. Үш жылда 20 заң қабылданған. Конституцияның үштен бірі өзгерген.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:

Президент ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл біздің қоғамның дамуындағы негізгі үш деңгейі болуға тиіс. Мемлекет басшысының Түркістандағы сөйлеген сөзінің басты ерекшелігі де осында. Әдетте біз мәдениет, ғылым-білім жайында екінші немесе үшінші кезекте ғана айтамыз. Президент керісінше бұл саларға ерекше басымдық беріп отыр.

Биылғы мәслихаттың құрамында мүмкіндігі шектеулі азаматтар көп. Жетісу өңірінен сайланған Елдос Баялышбаев депутат төсбелгісін алғаш рет тағыпты. Бүгінде саяси мансабынан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорттық-оңалту орталығын басқарып отыр.

Елдос Баялышбаев, Жетісу облыстық мәслихатының депутаты:

Өзім сияқты тағдырластардың құқығын қорғау. Ертең олар отбасына тірек болсын деп, жұмыс істесін деп сол үшін келдім. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі жандар көп. Білімді азаматтар бар.

Мәслихатта жастардың да қатары артты. Ең жас депутат Түркістан қаласында сайланған. 22 жастағы Мұсабек Құлбатыр бүгінде қалалық фракцияның жетекшілік етеді.

Мұсабек Құлбатыр, Түркістан қалалық маслихатының депутаты:

Халықтың аманаты бізде қазіргі Түркістан қаласында канализация деген 2013 жылдан бері басталып келе жатқан. Әлі тұрақты шешімін тапқан жоқ. Сол мәселелерді министрлікке қоюға жол мәселесі шешімдерін білейік деп келіп отырмыз.

Партия төрағасы жиында халықтың сенімінен шыққан депутаттарды кадрлық резервке қосу туралы ұсыныс айтты. Олар кейіннен қала, аудан әкімі бола алады. Әрі Парламентке кіруге де мүмкіндігі бар. Алғаш рет өткізіліп жатқан саяси форумды бұдан былай жыл сайын немесе екі жылда бір рет ұйымдастырылуы мүмкін. Ерлан Қошанов басқосуды дәстүрге айналдырамыз деп сөзін түйіндеді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу