Ойын алаңында екі бала зардап шеккеннен кейін Қарағандыдағы Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары қызметінен қуылды. Естеріңзге сала кетейік, бір апта бұрын қатты дауыл кезінде ойын алаңындағы жасанды төсеніш көтеріліп кетіп, екі бала ауыр жарақат алған болатын. Зардап шеккен жасөспірімнің бірі осы күнге дейін ауруханада ем алып жатыр.
Дауыл кезінде жасанды көгал көтеріліп зардап шеккен Диярдың жағдайы біртіндеп түзеліп келеді. Ол қазір жақ-сүйек хирургиясы бөліміне палатаға шығарылған. Дәрігерлер балақайға бір мезетте бірнеше операция жасады.
Санат Исанов, жақ-сүйек хирургиясы бөлімінің дәрігері:
Астыңғы және жоғарғы жақ беттері сынған. Маңдай сүйегі сынған. Сосын қолы сынған. Травматологтар, нейрохирургтар біз жақ-сүйек дәрігерлері бір наркозбен операция жасадық.
Бір апта көлемінде балақай үйіне жіберіледі. Алайда ұзақ уақыт оңалтуды қажет етеді. Жақ сүйегі дұрыс бітуіне қойылған материалды қайта алу үшін тағы бір операция жасалады.Ал ойын алаңындағы құрылысқа жауапты мердігер әлі күнге баланың туыстарына хабарласпаған. Егер жұмыс істеліп жатқан аумақ уақытылы қоршалғанда ешқандай мәселе жоқ еді,-дейді Диярдың анасы.
Айнұр Наурызбаева, қала тұрғыны:
Осы жаз біткеннен кейін газондарды жинап, жан-жағын қоршады. Кіруге болмады деп белгі қойды. Соны ертерек істеуге болмады ма? Сосын бір шетінде 1 метр квадрат жері бекітілмеген. Сол жерден бастап жел кірген. Дұрыс істелгенде ондай жағдай болмас еді деп ойлаймын.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Баланың ата-анасының айтуынша жасанды көгал мына жерде дұрыс бекітілмей екі апта жатқан. Салдарынан 19 шілде күні болған дауылда екі бала зардап шекті. Мердігер тек содан кейін ғана маңайын қоршап, мынадай таспаларды тартқан.
Осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Аймақ басшысы жиында Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмысынан босатты. Қазір қалада арнайы бірнеше жұмыс тобы құрылып, аулалар тексеріле бастады.
Гүлім Баймурзина, Ә.Бөкейхан ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің бас маманы:
Қазір аулалардағы құрылыс сапасы мен қауіпсіздігін бақылау үшін жұмыс комиссиясы құрылды. Сондай-ақ, ойын алаңдарына жасанды көгал емес өзге материалды қолдану мәселесі қаралып жатыр. Бұл Көгілдір тоғандар ықшам ауданындағы ойын алаңқайында болған жайттан кейін қолға алынып отыр.
Әлихан Бөкейхан ауданында 300-ден астам аула бар. Соның 20-на биыл жаңадан ойын алаңдары салынуда. Олардың сапалы орындалуын жіті назарда ұстау қажет.Себебі мердігер ақшаны алғанша асығып, ал жергілікті билік тарапынан қадағалау ат үсті болып жататыны жасырын емес. Сондай-ақ, өңірге қарасты аудан мен қалалардағы ойын алаңдары мен өзге де абаттандыру нысандары түгел тексеріліп, орын алған олқылықтар түзетілетін болады.
Руслан Нұрланұлы