Алматылық ондаған тұрғын 20 жылдан бері не пәтерін, не құйған қаражатын қайтара алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық ондаған тұрғын 20 жылдан бері не пәтерін, не құйған қаражатын қайтара алмай келеді

22.06.2023

Алматылық ондаған тұрғын 20 жылдан бері не пәтерін, не құйған қаражатын қайтара алмай келеді. Үлескерлер 6 миллиард теңгенің есебін кім беретінін әлі күнге дейін білмейді. Ал әкімдік ол тұрғын үй кешенінің орнына басқа баспананың заңды салынғанын айтып отыр. Үлескерлер 20 жылдан бері баспаналарына кіре алмай жүр. Оларға уәде етілген жерде көпқабатты тұрғын үй кешені салынған. Бірақ, онда басқа салымшылар тұрады. Дау созылып, бұрынғы және қазіргі салымшылар жаға жыртысып келеді.

Динара Ізбасарова, үлескер:

Қазір аты да өзгерген, пәтердің жоспарлауы да өзгерген. Мәселен, біздің квартира 260 шары метр. Бір пәтерді 3-ке бөліп сатып жіберген.

Ғалия Ізбасарова, үлескер:

2008-де барлық ақшамызды төледік. Не үй жоқ, не ақшамыз жоқ, бір-біріне сатып. тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете бере ме, басы жоқ, аяғы жоқ. Бұл не деген сұмдық.

Ажар Омарова, тұрғын:

Біз бұл жерден үй алмай тұрып, компанияның барлық құжатын көргенбіз. Төлемді банк арқылы аудардық. Мұнда тыныш өмір сүргіміз келеді. Бұрынғы салымшылар бізге маза бермей, қоқан-лоқы көрсетіп келеді.

Даудың басы үлескерлерден ақша жинап алған «Building Service» компаниясының банкроттыққа ұшырағанынан басталған. Ал жер телімін кепілге алған банк сол кезде дереу учаскені «Көк бәйтерек» деген құрылыс компаниясына сатып жіберген. Әрі қарай құрылыс жалғасқан. Бірақ, тұрғын үйдің атауы «Silver Hills» боп өзгеріп кеткен.

Андрей Казначеев, үлескер:

Бізді Президент әкімшілігі, бас Прокуратура қабылдады. Ал Алматыда бізді ешкім естіп жатқан жоқ. Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев үлескерлерге бұл мәселе шешілмейінше, орнына салынған басқа тұрғын үй кешені пайдалануға берілмесін деген.

Десе де, қалалық жоспарлау басқармасы жаңа тұрғын үй кешенінің заңды салынғанын алға тартты.

Бекнар Берікұлы, Бостандық ауданының қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметінің басшысы:

Бұл сұратылып отырған нысан Алматы облысына Қарасай ауданы ауысқан кезде, Алматы қаласына қосылған кезде, ол 5 қабатты бітпей тұрған, ал басқарма тарапынан 2018 жылы сұратылып отырған құрлысты аяқтау мақсатында, сәулет жоспарлау тапсырмасы, құрылыс салу қағидаларына сәйкес берілген.

Ал қалалық полиция басқармасы бұл жайтқа қатысты арыздың 20 жыл бұрын емес, 5 жыл бұрын түскенін мәлімдеді. Содан бері күдікті деп танылғанның бірі қайтыс болса, екіншісі сотталып кеткен. Ал тағы екі адам күні кешеге дейін тергелді.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

Қылмыстық істің 176-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс өз мәресіне жетті. Күні кеше ғана қылмыстық іс жүргізу кодексінің 300-бабына сәйкес іс материалдары заңдылықты тексеру үшін прокуратураға жөнелтілген болатын. Содан соң юрисдикция бойынша ол сотқа жөнелтілетін болады. Жаза мөлшерін міндетті түрде сот анықтайтын болады.

Полицияның дерегінше, жапа шеккендердің саны 44. Яғни бұл азаматтардың әрқайсысы жеке-жеке арыз жазған. Жалпы сот сараптамасы қорытындысы бойынша 62 үлескер компанияға 6 миллиард теңге құйған. 20 жылдың ішінде кейбірі қайтыс болса, кейбірі шетелге көшіп те кеткен.

Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу