Қарағанды маңындағы Спаскі полигонында өтіп жатқан «Айбын» әскери-патриоттық жиыны қыза түсті. Бүгін оқу-жаттығудың үшінші күні қатысушылар нысанаға ату, химиялық қаруға қарсы қорғаныш заттарын уақытқа кию, арқан тарту сынды сынақтарды тапсырды. Кіл мықты командалар арасынан кім мықты шығатыны апта аяғында анықталады. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы полигон басында болып қайтты.
«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны биыл бірінші рет халықаралық деңгейде өтуде. Оған Әзірбайжан, Өзбекстан және Қазақстан мемлекеттерінен 43 команда қатысып жатыр. Өзбекстаннан келген Назлымхан Жиенбаева өз елінде нысанаға атудан жасөспірімдер арасында жақсы нәтиже көрсеткені үшін команда құрамына алынған.
Назлымхан Жиенбаева, «Айбын-2023» әскери-патриоттық жиынының қатысушысы:
Қарама-қарсы команда сияқты емес бір-бірімізге достықпен қарым-қатынастамыз. Кешкілік ойындарда да сыйласып, аты-жөнімізді сұрасып, бір-бірімізге құрметпен қарап жатырмыз. Біз де бұл кісілерді Өзбекстанда жарыстар, осындай ойындар болса міндетті түрде шақырамыз.
Әскери жиында 645 жасөспірім алты күн бойы сынға түседі. Алғашқы күні жастарға қарулы күштердің жойқын қарулары таныстырылып, түрлі әскери тактикалар көрсетілді. Ал қалған күндері әр қиырдан жиналған қыз-жігіттер-түрлі сайысқа түсіп, командалық нәтиже көрсетуге ұмтылуда. Биыл спорттық жарыстар мен жауынгерлік дайындықтан бөлек, роботатехника, цифрлық технология, зияткерлік тесттер сынды байқау түрлеріне де басымдық берілген.
Бекнұр Сәрсенбеков, «Айбын-2023» әскери-патриоттық жиынының қатысушысы:
Биылғы жарыс халықаралық болады деген соң көбі жақсы дайындалған. Дарындылар қатысып жатқандықтан бізде дарындымыз деп есептейміз. Белтемірге тартылудан 27 рет тартылып, алдыңғы қатардамын. Сондай-ақ «Смарт сарбаздан» өзім жасаған роботомды көрсетіп, барлығын тсүіндіріп үшінші орын алдым.
Жалпы соңғы 8 жыл ішінде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына 8 мың жеткіншек қатысыпты. Солардың шамамен 10 проценті кейін әскери мамандықты таңдаған. Биылғы шараға да еліміздегі әскери-патриоттық клубтардың ең үздік мүшелері келді.
Руслан Нұрланұлы