Президент халықаралық волонтерлер форумына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент халықаралық волонтерлер форумына қатысты

21.06.2023

Волонтерлікті дамытудың жаңа жол картасы жасалады. Мемлекет басшысы халықаралық волонтерлер форумында осындай құжатты әзірлеуді ұсынды. Әрі еріктілерді ынталандыру үшін ұзақмерзімді грант берілуі мүмкін. Мемлекет басшысы қайырымдылық дәстүрін нығайту үшін бірнеше кешенді шара қабылдауды тапсырды. Динара өз жобасын осылай таныстырды. Мобильді қосымша арқылы үлкен қатердің алдын алуға болады дейді. Қазір оны мыңдаған адам қолданып жүр. Тегін.

Динара Қалихан, «Tabie» мобильді қосымшасының негізін қалаушы:

Егер бір адам артынан ілесіп, аңдып келе жатқанын байқасаң, мобильді қосымшаны ашып, екі көмекті алуға болады. Бірінші жақын маңайдағы кафе, мейрамханаларды көрсетеді. Сол маршрутты жақын адамыңа жіберсең болады. Сонымен қатар SOS батырмасы бар. Бірден жақын адамыңа қоңырау шалуға болады.

Бүгінгі шараға жиналғандардың дені осындай. Қарекет етіп, көпшілік берекетін көріп жүр. Әрі қызметін бұлдамайды.

Тайлан Йылдырым, Түркия мемлекеттік TRT телеарнасының редакторы:

Өзім журналиспін. Бірақ Түркиядағы жер сілкісіні кезінде 90 күн волонтер болып жұмыс істедім. Қауіпті аймақтардан адамдарды құтқару ісіне біз ғана емес, тұтас түркі жұрты жұмылды. Оның ішінде қазақстандықтардың еңбегін ерекше айтып кеткім келеді.

Ал жақсылыққа жұмылатын жастарға жағдай жасалуы керек. Волонтерлар тек ел ішінде емес, халықарлық деңгейде қанат жайғаны дұрыс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда еріктілер қызметі жан-жақты дамып келе жатыр. Бұған мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып жатыр. Мен өзім еріктілерді барынша қолдаймын. Сіздердің табанды жұмыстарыңызды жоғары бағалаймын. Осы саладағы барлық бастамаларды қолдаймын.

Елде еріктілердің саны артып келеді. 200 мыңнан асты. Бірақ Франциямен салыстыруға келмейді. Онда халқының тең жарымы – волонтер. Бізге де көбейген дұрыс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жалпы волонтер болу патриотизмнің, яғни отаншылдықтың жарқын үлгісі. Бұл адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты. Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады.

Елде еріктілер көбейгенімен жүйе жоқ. Сондықтан волонтерлардың қоғамдық істерге үлесін қосуға мүмкіндік тетіктерін арттыру маңызды. Өйткені олар көрінбейтін майдан жауынгерлері. Бірақ жергілікті жерлерде қолдау әлі де жеткіліксіз.

Вера Ким, Ұлттық волонтерлер желісінің төрағасы:

Құтқарушыларға керек заттарды қоятын жер таппаймыз. Мысалы, қайық, рация, темірлер мен арнайы киімдерді сақтайтын жер жоқ. Ол үшін арнайы орындар, қойма керек. Әрі бұл төтенше жағдай кезде ғана емес, күнделікті жұмыста қажет. Сонда ғана шұғыл әрекетке дайын отырамыз. Жалпы, волонтерлардың қауіпсіздігі үшін мемлекет тарапынан сақтандыру қарастырылса дейміз.

Қамқорлық қазақта ежелден бар. Асар жасап, зекет беріп, халықтың мұң-мұқтажына, қажетіне көп болып қауымдасып үлес қосады. Қазір де солай. Оларға мемлекеттен қолдау келмейді деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жанашырлық қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз.

Волонтерлықты дамытудың жаңа жол картасы жасалады. Мемлекет басшысы осындай құжатты әзірлеуді ұсынды. Бұл осы салаға қуатты серпін беріп, оның алдағы жылдардағы бағытын айқындауға тиіс деді Президент. Әрі волонтерлік қызмет қоғамда берік тамыр жайғанша жалғастыра беруді тапсырды. Бұдан бөлек, волонтерлік пен қайырымдылық жұмыстың есептілік жүйесін енгізу керегін айтты. Бұл бастама заңнама деңгейінде ынталандырудың тиімді тәсілдерін енгізуге көмектеспек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Волонтерлық қозғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру керек. Бұл ретте мемлекеттік және жекеменшік грант берушілер арасында тұрақты серіктестік орнатып, отандық және халықаралық донорлардың бір-бірімен нәтижелі ынтымақтастығын қалыптастыру маңызды. Волонтерлердің ұлттық және аймақтық деңгейдегі фронт-офисінің ұйымдастырушылық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейту қажет. Қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және ілгерілетуге ерекше назар аудару қажет.

Волонтерлар қайырымдылық жасаушы ғана емес, қоғамды жаңғыртушы топ. Президент волонтерларды бүгінгі күннің батырларына теңеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құрады. Меніңше, барлық еріктілерді адал азамат деуге болады. Өйткені сіздер жауапты жұмыс, сауапты іс атқарып жүрсіздер. Мен волонтерлердің еңбегі әрдайым жоғар бағалануы керек деп санаймын. Сол себепті елімізде жыл волонтері халықаралық сыйлығы белгіленді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Енді елімізде жыл волонтері белгіленіп, бұл марапат белсенді еріктілерге беріледі. Одан бөлек, ерен еңбегімег көзге түскен еріктілер Шапағат медалімен марапатталады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу