Бюджетті тиімсіз жұмсауға жол берілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бюджетті тиімсіз жұмсауға жол берілмейді

20.06.2023

Министр айтқандай, ақшаны тиімді пайдалану аса маңызды. Бүгін министрлер кабинеті қазынадан бөлінген қаражаттың әрбір тиыны қайда жұмсалғаны туралы депутаттар алдында есеп берді. Есепке көңілі толмай, құжатты бекітуден бас тартқандар да бар. Және негізсіз қарыз сұрайтын шенеуніктерді көбірек айыппұл төлеуге міндеттеу керектігі де айтылды. Мұны Жоғары аудиторлық палата басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында ұсынды. Депутаттар мен Үкімет мүшелері араға 3 ай салып Парламентте қайта бас қосты. Бірін-бірі сағынып қалса керек, кейбірі жиынға кіргенше мәселе талқылап жүр. Былтырғы бюджет туралы Үкімет мүшелерінің атынан есеп беруге Премьер-Министрдің орынбасары әрі қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев шықты. Оның дерегінше, өткен жылы экономикалық ахуал жақсарған. Жалпы ішкі өнім 3,3 пайызға, мемлекетке салынған инвестиция көлемі 8 пайызға өскен. Мемлекет әлеуметтік және басқа да міндеттерін толық орындаған.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қаржы министрі:

Республикалық бюджеттің негізгі параметрлері атқарылды. Түсімдер 102,1% атқарылып, 16,1 трлн теңге болды. Шығыстар 98,6% игерілді және 18,5 трлн. теңгені құрады.

Алайда Үкіметтің әдемі есебі депутаттар мен Жоғарғы аудиторлық палатаның көңіліне қонбағандай. Министрлерді сұрақтың астына алып, атқарылған жұмыстарды 2 сағат бойы талқылады. Наталья Годунова бюджет есебінен іске асатын жобалардың құны негізсіз өскеніне тоқталды. Мемлекет пен жеке сектор арасындағы байланыста ашықтық жоқ дейді. Қаражатты тиімсіз жұмсағандарға қомақты айыппұл салуды ұсынды.

Наталья Годунова, Жоғары аудиторлық палата төрағасы:

Сыртқы қарыздарды тиімсіз тартқаны және оларды уақытылы игермегені үшін лауазымды тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік бар. Бірақ біз 100 АЕК мөлшеріндегі айыппұлды аз деп есептейміз. Бұл сомманы көбейту қажет.

Депутат Анас Баққожаев болса, сыртқы қарыз мәселесін көтерді. Былтыр оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда 320 млрд теңгеге көбейген. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорқуға негіз жоқ дейді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

Қарызды ішкі нарықтан теңге валютасында алуға екпін қойылып отыр. Бұл өз кезегінде валюта саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы келер 5 жылда мемлекеттің қарызы қауіпсіз деңгейде болады. Жалпы ішкі өнімге шаққанда 25 пайыздан шегінен аспайды деп есептейміз.

Салық жеңілдіктерінің жүйесіздігі кесірінен соңғы үш жылда бюджетке 30 трлн теңгенің түспей қалғанын көтерген депутаттар да болды.

Ұласбек Сәдібеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Салық жеңілдіктеріне мониторинг пен талдау жүргізілмейді. Тіпті олардың қолданылуы да бақыланбайды. Ұсынылатын жеңілдіктер көлемі жыл сайын артып келеді. Олардан экономикамыз қандай пайда көрді? Бұл сұрақтың түсінікті жауабы жоқ.

Айя Мүтәлі, тілші:

Осылайша, Үкіметтің есебіне опозиция саналатын Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы мен Ақжол партиясының депутатарының көңілі толмады. Қос фракция мүшелері құжатты қабылдаудан бас тартып, қарсы дауыс берді. Ал парламенттегі өзге депутаттар Үкіметке тағы да ескерту жасап, бүгінгі айтылған олқылықтарды жою үшін тағы мүмкіндік берді.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу