Құрылтайда айтылған мәселелер оң шешімін табуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрылтайда айтылған мәселелер оң шешімін табуда

17.06.2023

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып, әлемдегі өз орнымызды айқындаймыз. Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыған қатысты көптеген архив материалдар зерттеліп жатыр. Сол құжаттардың негізінде бұрын халқымызға беймәлім болған тың мәліметтер жарыққа шығып, арасынан «авторы Жүсіпбек Аймауытұлы» деп көрсетілген шығарма табылғанын хабарлады. Сондай-ақ, әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған құран кітабын жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен шетелден елімізге қайтарылғанын атап өтті. Мемлекет басшысы, екі ғасыр бойы қолдан қолға өткен құнды кітапты қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қоюды ұсынды. Бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтауға шақырды.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары:

Бүгінгі жиында айтылған ең басты мәселелер еліміздің руханиятына байланысты, мәдениетіне, кино өндірісіне, бұқаралық ақпарат құралдарының алдағы бағыттарына, өзгеше өзгерістер енгізуі турасындағы ұсыныстар болды. Елді, қоғамды өзгерту, Қазақстанды жарқын жолға салу тек қана билік өкілдерінің, әкімдердің, депутаттардың, Мемлекет басшысының міндеті емес, жалпы қоғам болып іске асыратын дүние. Және осы қоғамдық сананың өзгерген кезінде армандап жүрген, қызығып жүрген өркениетті елдер санатына тезірек қосылуымызға мүмкіндік ашады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, Президент келелі басқосуда қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жиында Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайдағы Президенттің берген тапсырмаларының қалай жүзеге асқаны туралы есеп берілді. Құрылтай мүшелерінің айтуынша, онда көтерілген мәселелер ғылым, білім саласасының дамуына ықпал еткен.

Анар Фазылжан, А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры, ұлттық құрылтай мүшесі:

Былтыр Ұлытауда қазақ ғылымының мәселесі көтерілді. Сол жерде сөз сөйлеген сарапшылар, соның ішінде Асқар аға Жұмәділдаев ғылымды дамытпасақ болмайды деді. Сол аралықта міне келесі құрылтайға дейін Президент сол жерде айтқан ұсыныстар бойынша нақты шешімдер шығарды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым акамедиясы құрылды. Сол сияқты Президент жанынан ғылым және технологиялық сасатты дамыту кеңесі құрылды. Ол кеңесте біз Қазақстан ғылымын қалай көтереміз деген мәселе көтеріледі.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу