Жаңаөзендегі мұнай-газ кәсіпорындарының жұмысынан 21 өрескел заңбұзушылық анықталды. «Қазмұнайгаз» қызметкерлерінен құралған арнайы комиссия бір апталық жұмысын қорытындылап, осындай мәлімет таратты. Кей фактілер бойынша тергеу жүруі мүмкін, ал кейбірін шешу үшін тапсырмалар берілді. «Өзенмұнайгаз» бен мердігер ұйымдардан техникалық қауіпсіздік пен экология талаптарын сақтамау, кадрлық мәселелер мен еңбекақы төлеу кезінде заң бұзу фактілері анықталған.
Абат Құтжанов, жұмыс тобы жетекшісінің орынбасары:
Оператор үйлерін, сорғы ғимараттарына тексеру жүргіздік. Онда қазір өндірісте қолданылып отырған нысандардың талапқа сай келмейтіні анықталды. Құжаттарының болмауы, өндірістік нысандардың ішіндегі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғаны анықталып, оларға тез арада бағдарлама жасап, жөндеу жұмыстарын бастау тапсырылды.
Жұмыс тобы «Өзенмұнайгазға» қарасты 12 мекеме мен 6 мердігер компанияның қызметін тексерген. Жалпы мыңға тарта мұнайшымен кездесу өтті. Олар өндіріске, техникамен жабдықтауға, әлеуметтік жағдай мен еңбек шарттарына қатысты 1600-ден астам мәселе көтерген.
Дәулетжан Хасанов, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, жұмыс тобының жетекшісі:
Өзенмұнайгаз штатына кезектен тыс қабылдау фактілері бар деген мағлұмат түскен. Сол бойынша 4 қызметкер бойынша фактілерді, сондай-ақ жаңа қызметкерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігі анықталып жатыр. Осы мәселе бойынша алда болдырмау мақсатында Жаңаөзен әкімдігі, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелеріне жергілікті органдардың қатысуымен жұмысқа қабылдауда әділеттілік пен анықтықты қамтамасыз ету үшін комиссия құруды ұсындық.
Данияр Қайыртай