Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға ресми сапармен келді

16.04.2023

«Достық теңізі» термині еніп кеткеніне де 20 жылдай болып қалыпты. Бірақ Каспийдің талас туғызған кездер аз емес. Заңдық мәртебесі жөнінде келіссөздер 1996 жылы басталып, құжатқа бертін ғана, 2018 жылы қол қойылған еді. Дегенмен 5 мемлекет теңіз түбін әлі бөлісе алмай отыр. Әр ел өзі үшін тиімді болғанын қалайтыны түсінікті.

Өйткені Каспийдің экономикалық әлеуеті зор екені бұрыннан белгілі. Әсіресе соңғы кезде құны артып келеді. Геосаяси ахуал соған алып келді. Бұған дейін әл жетпеді ме, әлде әлдекімдер Қазақстанның пайдалананғанын жақтырмады ма... Әйтеуір Каспий арқылы мұнай, тауар тасымалын арттыру идеясы тиімсіз деген ракурстан берілген кездер де болды. Бірақ былтырғы ақпаннан бері ракурс қана емес, риторика да өзгерді...

Бұл жағдайды Каспийдің екі жағында орналасқан Қазақстан мен Әзербайжан барынша пайдаланып қалғысы келеді. Сондықтан екі елдің диалог жүргізуі де жиілеген. Және әр кездесуде міндетті түрде Транскаспий бағыты - басты тақырып. Осы аптада Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Астанаға келіп кетті. Иә, екі мемлекеттің қатынасы бұрыннан жақсы. Түбі бір, тарихы ортақ. Бірақ нарық заманында экономикалық, ұлттық мүдде сияқты факторлар алға шығуы - заңдылық. Қазақстан мен Әзербайжанның экономикасын салыстыратын болсақ, жер мен көктей. Әзербайжанның былтырғы ЖІӨ 80 млрд доллар болып, әлем бойынша 93-орынға жайғасқан. Ал Қазақстанның ЖІӨ - 224 млрд доллар және 53-орында. Бұл сандарға қарап, диалогты кеңейтуге Әзербайжанның ынтасы көбірек деп ойлауға болады.

Дегенмен, Қазақстанның да үлкен әрі маңызды себебі бар. Әзербайжан арқылы Еуропаға шыққысы келеді. Дәстүрлі дәлізден бас тартқалы ең тиімді, сенімді жол Бакуден басталып тұр. Былтыр наурызда 7 мың тонна қазақстандық мұнайдың алғашқы партиясы Ақтаудан Баку арқылы Еуропаға жеткізілген еді. Енді көлемді ұлғайтып, дәлізді тұрақты қылу керек. Мұндай мүмкіндік беріп тұрған Әзербайжан да пайда табатыны түсінікті.

Сондықтан ағылшынша айтқанда «Winwin» стратегиясы ғой, яғни, екі жақ та ұтады. Ақордадағы кездесудің нәтижелері қандай? Шерхан Жамбылұлы тарқатсын.

Алып айдынның әлемдегі текетірестер күшейген тұста маңызы арта түсті. Теңізді кесіп өтетін Транскаспий, яғни Орта дәлізге бауырлас екі ел ғана емес, тұтас Еуропа мен шығыстағы Қытай үлкен үміт артып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын барынша пайдалану керекпіз және оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп келістік. Осы шаралардың барлығы Шығыс-Батыс бағыты бойынша жүктерді жеткізудің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Тасымалды арттыру үшін ең әуелі инфрақұрылымды күшейту қажет. Ол үшін Ақтау портында жаңа контейнерлік хаб құрылысы басталды. «Достық-Мойынты» теміржолының екінші рельсі салынып жатыр. Осылайша Қазақстан-Қытай көлік дәлізінің өткізу қабілеті 5 есе өседі деген жоспар бар. Сарапшылар екі ел басшыларының Астанадағы кездесуі транскаспий бағытына жаңа серпін береді деген сенімде.

Гайдар Әбдікерімов, «Транскаспий Халықаралық Көлік Бағдары» Халықаралық қауымдастығының бас хатшысы:

Біз әр жыл бойынша 20-30 пайызға өсіп отырдық. Әрқашан контейнерлік тасмалдар бойынша, былтыр біз 33 пайызға өсті контейнер тасмалдары бойынша. Ал мынау вагон тасмалдары бойынша 2,5 есеге өсті. Екі жарым өсті деген сөз 561 мың тонна өтетін болса былтыр біз 1 миллион 407 мың тонна жүк тасмалдадық. Соның ішінде Қазақстанның экспорты 7 есеге өсті.

Иә, Каспий арқылы Қазақстан Еуропаға тіке апарар есікті аша алады. Ал Әзербайжан төте жолмен шығысқа шығады. Қара алтын саудасы да осы бағытпен жүреді. Қазіргі таңда Қазақстан мұнайының 80 пайызын Новоросийск арқылы өтетін КТК құбырымен саудалап жатыр. Алайда соңғы кездері бұл бағытта апат жиілеген. Енді негізгі балама бағыт - Баку.

Әлкей Марғұланұлы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:

Кезінде Баку, Тбилиси, Джейханды 96-шы жылдары мен 2000-шы жылдардың басында АҚШ мен Европалық Одақ қатты қолдады. Ол өз кезегінде Ресейдің мысалы, геоэкономикалық мүддесіне белгілі бір дәрежеде ауыртпашылық тигізді. Сол себепті, қазіргі уақытта бұл дәлізді, мұнай дәлізін пайдалану бізге тасымал біз үшін өте маңызды болып отыр.

Наурызда Қазақстан мұнайын тиеген алғашқы танкер Баку айлағына тоқтады. Бүгінде Баку-Тбилиси-Жейхан құбыры тек жарты мүмкіндігін пайдаланып отыр. Толық толтыру үшін Қазақстан жылына 20 млн тонна мұнай жеткізу керек. Оған танкерлер санын көбейтіп, Ақтаудың әлеуетін арттыру қажет.

Әлкей Марғұланұлы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:

Халықаралық тәжірибені алып қарайтын болсақ, порт қалалардың барлығы өте дамыған қалалар болып табылады. Оларда арнайы экономикалық зона, арнайы тарифтік кеңістік жүзеге асырылып жатыр. Қазір біз Ақтауды соған дайындау керекпіз. Егер де біз бұл мәселені оңтайлы шешетін болсақ, алдағы уақытта, мысалы, ҚазМұнайГаз-дың мысалы, Абу-Даби порт Біріккен Араб Әмірліктерінің ынтымақтастық жөніндегі келісім бар ғой бізде. Сонда біз бір ғана КТК арқылы өткізетін мысалы, жолға тәуелді болып отырмаймыз.

Каспий арқылы тек мұнай саудасы ғана емес, шикізаттық емес секторды көбейтуге ден қойылмақ. Бүгінде қазақ пен әзербайжанның алыс-берісі жарты миллиард долларға жеткен. Ендігі меже миллиардтан асу.

Ильхам Әлиев , Әзербайжан президенті:

Біз қандай тауар түрлерін тасымалдай аламыз деп бір-біріміздің өндірістік әлеуетімізді толықтырып отыруымыз керек. Екі ел арасындағы сауда-саттықты миллиард долларға жеткізу міндетін орындау қолымыздан келетін іс. Қол қойған келісімдер осыған ықпал етуі тиіс. Бұл межеге жуық арада жетеміз деп ойлаймын. Бастысы, ынтымақты арттыруға деген ортақ ниетіміз бар.

Әлкей Марғұланұлы, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:

Европалық Одақтағы мысалы, экспорттық 10 тауарды алып қарайтын болсақ, болат қорытпалары бар, одан бөлек мысалы, фармакология бар , одан бөлек негізгі алтын және бағалы асыл тастардың экспорты болатын болса, біз оның барлығын енді Әзірбайжан арқылы да жүзеге асыра аламыз.

Каспий арқылы жүзеге асатын тағы бір маңызды жоба – интернет желісі. Теңіз түбімен талшықты-оптикалық кабель тартылмақ. Биыл құжаты реттеліп, келер жылы іске асады. Сонда Қазақстан ғаламторға Ресей арқылы емес, Еуропа жақтан шықпақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, оның дер кезінде іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырдық. Сонымен қатар, әзірбайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін қазақстандық платформаларды пайдалану ұсынылады. Қаржылық ынтымақтастық саласында да үлкен артта қалу бар. 

Ильхам Әлиевтің Астанаға сапары маңызды құжаттарға қол қоюмен түйінделді. 8 құжат бекіді. Сүбелісі – жоғары мемлекетаралық кеңес құру құру туралы хаттама. Осылайша Орта дәліздің мүмкіндігін барынша пайдалануға үлкен қадам жасалып отыр. Каспий енді достық қана емес, жаңа мүмкіндік теңізі де болмақ.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу