Астанада 20-дан астам алаңда Наурыз тойланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада 20-дан астам алаңда Наурыз тойланады

21.03.2023

Астанада 20-дан астам алаң мен саябақта Наурыз мейрамына арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұқаралық сауық-сайран наурыздың 23-не дейін жалғасады. Бірнеше аудандағы іс-шараға бүгін біздің тілшіміз де қатысып қайтты.

Данияр Қайыртай, тілші:

Біз наурыз тойланып жатқан Астанадағы саябақтардың біріндеміз. Мұнда халық нөпірі көп. Міне, Наурыз көже таратып жатыр. Дәмін татып көрейік. Жыл бойы тоқ жүреміз! Наурыз құтты болсын!

Қонақтар дәм ауыз тиюі үшін алаңға ақбоз үйлер тігілген. Ал сахнада қала өнерпаздары мерекелік концерт қойды. Жиылған жұртқа қазақ салт-дәстүрін дәріптейтін қойылым да көрсетілді. Астананың әр ауданында Наурыз мейрамын тойлауға бірнеше алаң ұйымдастырылған. Негізгілері – «Қазақ елі», «Бәйтерек» монументтерінің алды, Жазушылар аллеясы, «Ататүрік» саябағы мен Экспо кешенінің алаңы. Мерекелік бағдарламада көрмелер мен жәрмеңкелер де бар. «QazExpoCongress» ұлттық компаниясы көрме кешені аумағында көрнекі этно-ауыл құрып, ойын-сауық бағдарламасын ұйымдастырды.

Гүлжан Сергебаева, «QazExpoCongress» ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:

Үлкен сахна орнатылған. Бұл жерде мәдени, спорттық, ойын-сауық іс-шаралар өткізілуде. Бұдан бөлек, Болашақ энергиясы мұражайы 21-23 наурыз аралығында барлық келушілерге тегін.

Ұйымдастырушылар ұлттық спорт пен ойын түрлерін насихаттауға да басымдық берген. Үлкендер жағы қала жастарына ләңгі ойнауды үйретіп жатса, алаңдағы балалар алтыбақан теуіп, мәре-сәре болды. Кішкентай қонақтар тақпақ айтып та жарысты. Мерекеге орай қазіргінің билері халыққа бата берді.

Ералы Әнуарбек, Елорда билер кеңесінің төрағасы:

Әз Наурыз келіп бәрімізді қуантып жатыр. Келесі даму баспалдағын қазақ деген халық басқаратын болсын! Алға Қазақстан!

Егінбай Әбдірахманов, Елорда билер кеңесінің мүшесі:

Уа, Тәңірім оңдасын, Аман болсын мал, басың. Әулиелер қолдасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Қонақтар арасында Ресейден келген релоканттар да болды. Алексей мен Мария бірнеше ай бұрын Санкт-Петербургтен Көкшетауға қоныс аударған. Наурыз думанын көру үшін Астанаға арнайы келіпті.

Мария Белова, Ресейден келген мигрант:

Бұл сіздер үшін ұлы мереке екенін білеміз. Сондықтан атмосфераны сезінгіміз келеді. Сол үшін отбасымызбен арнайы келдік.

Әкімдік «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» атты монументтің жанында да мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Онда да концерт қойылып, қол күрес пен кір тас көтеруден жарыс өтті. Мерекелік іс-шаралар алдағы екі күн жалғасын табады. Қалада жалпы жүзден артық сауық-сайран жиыны өтеді деп жоспарланған.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу