Түркияда екі мыңнан аса дауыс берушінің басым бөлігі таңдауларын жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда екі мыңнан аса дауыс берушінің басым бөлігі таңдауларын жасады

19.03.2023

Уақыт айырмашылығына байланысты бірқатар шет мемлекеттердегі сайлау учаскелерінде дауыс беру жаңа ғана аяқталды. Енді жәшіктер ашылып, бюллетендерді сұрыптау басталады. Дәл қазір бізбен Ыстамбұл қаласындағы сайлау учаскесінен Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлы тікелей байланысқа шығып тұр. Айдос Түркияда бүгінгі саяси науқан қалай өтті?

Айдос Әшімұлы тілші:

Ыстамбұл қаласындағы №255 сайлау учаскесінің есіктері жабылып, дауыс беру жаңа ғана тоқтады. Дәл қазір сайлау комиссиясының мүшелері бюллетендерді санауға кіріседі. Жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде ашылған учаскеге осында оқитын, жұмыс істейтін қазақстандықтар лег-легімен келіп, елден жырақта жүрсе де отан алдындағы азаматтық жауапкершілікті терең сезінетіндіктерін көрсетті. Дауыс бергендердің арасында әсіресе жастар көп. Бұл да болса олардың ел ертеңіне бей-жай қарамайтындықтарын білдірсе керек. Осы учаскедегі дауыс берудің қалай өткені және тізімдегі сайлаушылардың белсенділігі туралы сайлау комиссиясының төрағасы Бекайдар Сарыдан сұраған едік.

Бекайдар Сары, №255 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

Сайлау тізімінде 500-ге жуық Қазақстан азаматы тіркелген. Қазіргі таңда жартысынан астамы дауыс берді. Сайлаушылардың басым бөлігі осында оқып жүрген студенттер. Бас консулдық Сакария мен Бурса қалаларында оқып жүген студенттерді сайлау учаскесіне жеткізу үшін арнайы автобус ұйымдастырды және Наурыз мерекесі қарсаңында палау ұйымдастырды. Сайлау учаскесінде заңбұзушылық фактілері тіркелмеген.

Түркияның үш қаласы, яғни Анкара, Ыстамбұл мен Анталиядағы сайлау учаскелері жұмыстарын осымен тоқтатты. Алдын ала мәлімет бойынша Түркияда тіркелген екі мыңнан аса дауыс берушінің басым бөлігі бүгін өз таңдауын жасаған. Қазір дауыс беру жәшіктері ашылып, комиссия мүшелері бюлеттендерді санау жұмыстарына кірісті. Түркиядағы сайлау қорытындысына қатысты нақты мәліметтер ертең белгілі болмақ. Шерхан!

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу