Бір сағаттан кейін «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұйымдастыруымен «Сайлау-2023» онлайн марафоны басталады. Ауқымды шара телеарналар мен ақпарат агенттіктерінің сайттарында, Facebook және You Tube желісіндегі ресми парақшаларында 16 сағат бойы үздіксіз көрсетіледі. Қазмедиа орталығының киноконцерт залында өтетін марафонға келем деушілерге есік ашық. Қазір сол жерден әріптесім Данияр Қайыртай байланысқа шығып тұр. Данияр, марафонға әзірлік қалай?
Данияр Қайыртай, тілші:
Иә, қонақтардың алғашқы легі келе бастады. Марафонға ақпарат құралдарының өкілдері, депутаттар, саясаттанушылар, министрлер, түрлі сала қызметкерлері, қоғам белсенділері мен өнер жұлдыздары қатысады деп жоспарланған. Ал қазір марафонды ұйымдастырушылар әзірлікті пысықтап жатыр. Ауқымды іс-шара мына залда өтеді. Мұнда бірнеше зона бар. Негізгі алаң - сахна. Онда жүргізушілер спикерлермен сұхбат жасап, әншілер ән салады, стендап-комиктер әзіл айтады. Әрі TEDx форматында монологтар өтеді. Ал «Брифинг» алаңында сайлаушылардың саяси белсенділігі бойынша әр сағаттың басында жедел баспасөз конференциялары ұйымдастырылып, халықаралық байқаушылар, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігінің өкілдері дауыс беру барысына қатысты ақпарат береді. Мына жерде - ток-шоу форматында түрлі саяси-қоғамдық тақырыптарда «Дискуссия» өтеді. Ал осы жолғы онлайн-марафонның ерекшелігі - «Дебат алаңы». Қатысушылар жасанды интеллект, бала тәрбиесі, интернет контентті бақылау, мемлекеттік тапсырыспен кітап шығару мәселелері, ауылдарды дамыту, әлемдік миграция, медициналық сақтандыру тақырыптары бойынша өз позициясын қорғайды. Сондай-ақ, марафон қонақтары саяси науқан жайындағы азаматтық пікірін «Экспресс-камера» арқылы білдіре алады. Ал түнгі 00:00-де марафон алаңында дауыс берудің алдын ала нәтижелері бойынша Exit-poll қорытындысы жарияланады. Біз іс-шара барысынан алдағы эфирлерде де ақпарат таратып отырамыз. Сөз тізгіні сізде, әріптес.
Данияр Қайыртай