Қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айтқандарға айыппұл салатын заң күшіне енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғамдық орындарда бейәдеп сөз айтқандарға айыппұл салатын заң күшіне енді

06.03.2023

Бүгіннен бастап қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді. Аузына абай болмағандар 15 тәулікке де қамалуы мүмкін. Яғни, тиісті заң күшіне енді. Бұл құжат қалай жүзеге асады? Тәртіп сақшылары бейәдеп сөз қолданғандарды жаппай жауапқа тарта бере ме? Халықтың пікірі қандай?

Боқауыз сөз үшін айыппұл салынатынын 2 ай бұрын естіген жұрт бұл жаңалықты әлі күнге қызу талқылап жатыр. Заң күшіне енсе де, қоғамның пікірі екіұдай.

Бірі – халық енді мәдениетті болуға тырысады десе, енді бірі - бойға сіңген әдеттен арылу қиын дейді.

Шымкенттіктер де жұрт бейәдеп қылығы үшін жауап беруі керек деп есептейді.

Жалпы балағат сөз айтқандар жазаланады деген заң бұрыннан бар. ГРАФИКА: Бұл жолы тек айыппұл мөлшері 17 250 теңгеден 69 мыңға көбейді. Яғни, 4 есеге өсті. Бірақ, бейәдеп сөйлегендердің бәрі бірдей жазалана бермейді.

Алдымен қоғамдық орында жұрттың тыныштығын бұзып, былапыт сөзбен өзге адамды кемсітіп қорлағандар ғана жауапқа тартылады. Әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, көрінгенмен сөз таластыратындарға да енді оңай болмайды. Бір-біріне қарша боратқан боқтық сөздері үшін олар да жауап береді. Ал боғауыздың қай тілде айтылуы маңызды емес. Жаза бәріне бірдей. Алайда, ол үшін жәбірленуші ең алдымен полицияға арыз жазуы тиіс.

Айя Мүтәлі, тілші:

Ал арыз жазу үшін қолыңызда мынандай видео немесе аудио дәлелдеме болуы шарт. Егер боқауыз сөзді әлеуметтік желіде жазып, жариялаған болса, онда скрин жасап құқық қорғау қызметіне жүгіну керек. Жауапкершілік сонда ғана қарастырылады.

Жандос Тұяқов, заңгер:

Яғни халық қазір ойлап қалуы мүмкін. Боқтасам болды 69 мың теңге төлеймін. Жоқ. Арыз болуы мүмкін. Немесе қоғамдық орындағы бейнефиксацияға түсіп қалуы мүмкін. Ондай жағдайда арыздың қажеті де жоқ. Бірақ, материал болуы керек.

Өз отбасында аузына абай бола алмағандар үшін де арнайы бап бар. Бала-шағаның көзінше бейәдеп қылық танытқандар ескерту алып, 17 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді. Бұл заң бүгін ғана күшіне енді. Алғашқы күні Астана қаласы бойынша бірде-бір арыз түспепті.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу