Ақпан аяқталуға жақын. Көктемді екібастұздықтар асыға күтіп отырған шығар. Өйткені қыс бойы тоңып шықты. Былтыр қарашаның 28-і Екібастұзда төтенше жағдай жарияланып, желтоқсанның 8-і аяқталды. Энергетика министрлігі жылу құбырларының 70%-ға тозғанын мәлімдеген еді. Қыс бойы мамандар оларды біртіндеп ауыстырып жатыр. Ал тұрғындар тағы да төтенше жағдай режимі жарияланса екен дейді. Өйткені энергетикалық коллапс қаупі бар деп шырылдап отыр. Апта соңында ЖЭС-ның құбырынан тағы ақау шығып, жылу беруде проблема туындаған. 70 адам күні бойы құбырды жөндеумен әлек болған. Бұған дейін «Апта» бағдарламасы олардың хәлін бірнеше рет көрсетті.
Осы апта Екібастұздан тағы суық хабар келді. Ерлі-зайыпты екі азамат үйінде тоқ ұрып, қайтыс болған. Батареялар жарылып, су үйге жайылып кеткен екен. Ал ажал электр жылытқыштың ашық қалып қойған сымынан келген көрінеді. Қылмыстық іс қозғалды.
Қыс бойы екібастұздықтардың біразы электр жылытқыш қосуға мәжбүр. Бұл трансформаторларға да салмақ. Сондықтан жарықпен де проблема туындаған.
Жағдай күрделі. Мұны Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр да мойындап отыр. Осы апта журналистердің сауалы астында қалған ол «кім кінәлі?» деген басты сұраққа «бәрі кінәлі» деп жауап берген екен. Энергетика саласының кураторы ретінде өзінен бастап, Екібастұз жылу электр станциясының қарапайым жұмысшысына дейін қосқан. Акционердің де жауапкершілігі қарастырылатынын айтты.
Склярдың сөзіне сүйене отырып, тұтас жүйе, тура да, ауыспалы да мағынасында «шіріген» жүйе кінәлі дегіміз келеді. Бірақ бұл сөздеріміз дірдектеп отырған екібастұздықтарға не береді? Қазір кемі 26 көпқабатты үй жылуға жарымай отыр.
Жұмағали Қоғабайұлы ауладағы жылу торабына күніне үш мәрте келіп, өлшем жасайды. Қанша қазандық істеп тұрғанын станса мұржасынан шыққан түтіннің түсіне қарап білетін болдым дейді.
Жұмағали Қоғабайұлы, Екібастұз қаласының тұрғыны:
30 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген, жаңартылмаған қазандықтар шұрық-шұрық тесік, оны жамап- жасқайды. Бір жерін бүтіндеп жатса екінші жері жарылады.
Қаладағы нысандардың басым бөлігіне суық кіріп алған. Ал кейбір тұрғындар пеш жағып жылытылатын үйлерге көшіп алды. Анара Қабыкенова жолдасы және үш баласымен әке-шешесінікінде. Бос тұрған пәтердің коммуналдық шығынын өтеп жатқанымызға екі ай болды дейді. Оқушылар қашықтан оқытылып жүр. Премьер Министрдің 1-ші орынбасары Роман Склярға апта басында сабақ офлайн режимге көшіріледі деген уағда сол күйінше қалды.
Амантай Жолдасбаев, мектеп күзетшісі:
Қыс бітіп келе жатыр, бірақ өзгеріс жоқ. Жылынбайды. Мектептің іші суық. Жоғарыдағылар шеше алмайды. Неге ол шеше алмайтының білмеймін.
Үй суық болғандықтан, тұрғындар жылытқыш қосып отыр. Бірақ бұл басқа проблема тудыруы ықтимал. Қазірдің өзінде шаһарда бірнеше трансформатор жанып кетті.
Сембай Қаратаев, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Үйлердің электр есептегіштері жанып отыр міне. Ол бір жағынан, екінші жағынан күллі халық қойып отыр мына жылытқыштарды. Ол ертең апат қой. Анау күллісі шахтамен жүреді кабелдер. Олардың күллісі жанса, ол өте үлкен өрт.
Жағдай қашан түзеледі? Жылу электр орталығындағы қанша қазандық жұмысқа жарамды? Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Тек жаздағы жұмыс жоспары ғана айтылады.
Бағдат, Орал Орталық Азия Энергетикалық корпорациясының басқарма төрағасы:
Ең басты жағдай бізде қаржы осы стансаның жұмысын реттеуге байланысты. Мен бағана айттым ғой, біз шамамен 2 млрд қаржы жұмсаған болатынбыз. Жазда стансада 8 қазандыққа күрделі жөндеу жүргізіледі. Ол үш энергетикалық және 5 су жылыту қазандықтары.