Басты Жаңалықтар Қазақстан Түркияға 1 млн доллар көмек берді

Қазақстан Түркияға 1 млн доллар көмек берді

Жер сілкінісінен жапа шеккен бауырлас Түркия еліне Қазақстан халқы бірінші күннен-ақ қолдау білдіріп келеді. Алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Сосын телефон арқылы сөйлесіп, шұғыл түрде құтқарушылар мен дәрігерлер жіберетінін әрі гуманитарлық көмек көрсетуге әзір екенін жеткізді. 

Президент тапсырмасы бойынша қазақстандық құтқарушылардың бірінші эшелоны ақпанның 7-сі Алматыдан Газиантеп қаласына аттанды.

Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бірінші орынбасары:

Топта 41 құтқарушы бар. Оның ішінде дәрігерлеріміз бар, арнайы қызметтік иттермен осы топтарды жабдықтағанбыз. Арнайы ұшаққа техниканы артып, бүкіл керекті құралдарымызды артып алдық.

Құтқарушылар жасағы жете сала екі топқа бөлініп, Ибрахимили ауданындағы екі көп қабатты үйде іздеу-құтқару жұмыстарына кірісті. Ертеңінде 60 адамнан тұратын құтқарушылардың тағы бір эшелоны Түркияға жетті. Қосымша күш Президент тапсырмасы бойынша Астана қаласы, Қарағанды мен Ақмола облыстарынан жасақталды.

Соңғы дерек бойынша, Қазақстаннан барған төтенше жағдай қызметкерлері 7 адамды құтқарып, дәрігерлердің қарауына тапсырған. Сондай-ақ құтқарушылар үйінді астынан 39 адамның мүрдесін тапқан. Қазір қазақстандық құтқарушыларға Газиантеп қаласындағы үш участок тапсырылған. Олар екі ауысыммен үздіксіз жұмыс істеп жатыр. Тағы бір топ Нурдагы қаласында тәулік бойы іздеу-құтқару жұмысын атқарып келеді. Осы қаладағы түрік ағайын Қазақстаннан барған мамандарға алғысын айтты.

Хатай қаласында да қазақстандық құтқарушылар мен кинологтар жасағы жұмыс істеп жатыр. Жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға барған жасақ құрамында Апат медицинасы орталығының мамандары бар. Олар алғашқы көмек көрсету үшін далада медпункт ашып қойды. Дәрігерлер осы уақытқа дейін 20 шақты науқасқа көмек көрсетіпті. Негізі мұндай мобильді аурухана күніне 200-ге жуық адам қабылдай алады екен.

Қазақстанның төтенше жағдай қызметкерлері шет елде іздеу-құтқару операциясына алғаш рет 1999 жылғы тамызда Түркияның Дегирмендере қаласында қатысқан еді. Ол кезде біздің құтқарушылар жасағы күйренді астынан 1 баланы аман алып шығып, 55 адамның мүрдесін тапқан болатын. Құтқарушыларды апарған екі ұшақ та қайтарда Қазақстан азаматтарын елге ала келді. Арасында Қырғызстан азаматтары да болды. Бірінші рейспен 18 адам жеткізілсе, екінші рейспен – 64 адам келді.

Асадулла Арыстанов, Қазақстан азаматы:

Мен мұндай жер сілкінісін бірінші рет көруім, өте қатты болды. Мемлекетімізге көп алғыс. Мен ертесіне консулдықтың сайтына кіріп, телефонға хабарласып едім, бірден жауабын беріп, әуежайға барыңдар деді.

Баян Белгібаева, Қазақстан азаматы:

Кеше аэропорттың өзінде күткен кезімізде жер сілкінді. 2-3 сағат сайын сілкініп отырады. Далада қалдық. Бала-шаға бар, үйге кіре алмайсың. Біздің үй 6-қабат. Кіруге қорқасың.

Бермет Қарабашова, Қырғызстан азаматы:

Қазақстандықтарға чоң рахмат. Абдан бізге аямай биринчи болып суюнду. Бірақ қайра ол жерге бару қауіпті. Қайра ол жерде жашау. Қырғызстанда тұрып тұра ала дедік.

Қазақстан халқы зілзаладан жапа шеккен түрік ағайынға гуманитарлық көмек те жинап жатыр. Волонтерлер күнделікті Түркия елшілігінің көмегімен бірнеше тоннадан жөнелтіп келеді. Ал қаржылай көмек көрсету үшін арнайы есепшот ашылды.

Айбек Досымбетов, Ұлттық волонтерлер желісі басшысының орынбасары:

Біріншіден, қыстық киімдер, одан кейін жылы жамылғыштар: көрпеше, көрпе-жастықтар, балаларға арналған заттар, химиялық заттар күнделікті тұтынуға арналған, сонымен қатар қолшамдар, шатырларды жинау тізімін алдық. Бұдан бөлек қаржылай есепшот ашылды. Ұлттық волонтерлер желісінің есепшотында қазір 35 млн теңге қаржы жиналды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет жойқын жер сілкінісі салдарынан зардап шеккен түрік еліне шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстандағы Түркия елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Қасым-Жомарт Тоқаев қиын-қыстау сәтте Қазақстан бауырлас елге жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.

Түркияда тұратын қазақстандық кәсіпкерлер мен Стамбұлда оқитын қазақ студенттері де қалыс қалмады.

Дидар Оқас, студент:

Бауырлас Түркия мемлекетінің басына қиындық түскен кезде осында оқып жүрген студент ретінде және Қазақстан Республикасныың азаматы ретінде қол қусырып жата алмадық.

Сәтжан Тоқтарбай, кәсіпкер:

35 млн теңге жиналды. Оның 23 млн теңгесіне азық-түлік алып жібердік. Бүгін қалған 12 млн теңгеге балаларға сүт, жаялық алатын боламыз.

Газиантепке Қазақстан мүше «Түрксой» ұйымының өкілдері барып, жергілікті тұрғындарға шатыр тігуге көмектесті.

Арман Нұрмұхаматұлы, «Түрксой» Халықаралық ұйымының қызметкері:

Суықта жылы шатырлармен оларды қамтамасыз ету үшін түркі әлемінің атынан барлық өнерпаздарымыз осындай қызметке атсалысып отырмыз.

Түркияның Қазақстандағы елшісі қазақстандықтардың жан-жақты қолдауына алғысын білдірді.

Уфук Екиджи, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:

Алғашқы сәттен бастап Қазақстан Президенті, Үкіметі, барлық мемлекеттік органдар және қарапайым азаматтар да бізге тілектестік білдіріп, қолдау көрсеткендері үшін алғысымды білдіргім келеді.

Президент тапсырмасы бойынша Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға да көмек көрсетті. 4 рейспен 50 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Мемлекеттер арасында елшіліктер болмағандықтан, жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымы арқылы жіберілді.

Данияр Қайыртай


Бөлісу