Жамбыл облысында күн күрт жылынып, 3 ауданда сел жүрді. Зардап шеккендер жоқ. Тұрғындардың үйлері бүлінбегенімен, қора-қопсыны шайып кеткен. Қарқыны күшті қарғын су былтыр тазаланған каналдардың бойынан асып кеткен.
Таудан келген қар суы бір түнде Жақсылық ауылын әбігерге салды. Жерге сіңбеген лай су көшеде кілкіп, ондаған үйдің қора-қопсысын басып қалды.
Халима Мәжиева, ауыл тұрғыны:
Әкімшілік басқарып отырып арықты түзеулер керек қой жылда көктемде. Жылда көретінімз осы нәрсе. – Үйіңіз бүлінді ме? Бүлінді қораның ішінің бәрі су. Ағындының ішінің бәріне су толып кетті. Жүретін жер жоқ.
Нұрдос Болатұлы, тілші:
Есігінің алдымен көшелерін малмандай су басқан ауыл тұрғындары қолдарына күрек алып, тазалық жұмыстарына өздері кіріскен. Айтуларынша, ауыл іргесіндегі сай-салаларға соқа тиіп бітеліп қалса, ауыл ішіндегі арық жүйелері мүлде жоқ дейді.
Дәл мұндай жағдай Жақсылық ауылында осыдан 10 жыл бұрын болыпты. Ол кезде бірнеше үй су астында қалған. Ал, осы жолы жағдайдың ушығуына шаруалардың жауапсыздығы себеп, дейді тұрғындар. Олар ауыл маңындағы бөгет пен арықтарды егістік алқаппен қоса жыртып жіберген көрінеді.
Тілеуберді Сартов, ауыл тұрғыны:
Ауылдың үстінде тоғандардың бәрі бітеулі. Ауылдағы белсенді жаңағы байлары деп қоямыз ғой. Сол жігіттер жазда жерді айдайды дағы арықтың бәрі бітелген. Содан кейін судың бәрі көшеге қарай ағып жатыр.
Т.Рысқұловтан бөлек, Сарысу, Шу ауданында да бірнеше елді мекенді қарғын суы шайып өткен. Тасқынның салдарын жою үшін қазір облыс көлемінде 140 адам мен 20-дан аса техника жұмылдырылған. Дегенмен, әлі де болса қауіп сейілген жоқ.
Талғат Айтбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:
Жауын-шашын болғанына байланысты одан кейін таудың өзінде қар толық еріп болған жоқ. Соған байланысты тау бөктерінен әлі қауіп бар.
Алдағы бір аптада өңірде ауа райы қолайсыз болмақ. Дауылды ескерту жарияланды. Төтенше жағдай қызметкерлері әсіресе тау бөктеріндегі елдімекендерді қатаң бақылауда ұстамақ.
Нұрдос Болатұлы