Абай облысында қазақ жылқысының жаңа түрі тіркелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында қазақ жылқысының жаңа түрі тіркелді

01.02.2023

Ауыл шаруашылығы ғылымында тың жаңалық. Абай облысының Бесқарағай ауданында мамандар ұзақ жылғы селекциялық жұмыстардың нәтижесінде жылқының жаңа түрін шығарды. Ол қазақ жылқысының «Бесқарағай зауыттық типі» деп аталады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы мал асылдандыру саласындағы ғалымдардың алғашқы жетістігі.

Хабидолла Мұқинов, шаруа қожалығының иесі:

Тарихқа қарап отырсақ, жылқы қазақ жерінде үйретілген. Ботай қазбасы да оны дәлелдеді. Түрікмендерде ақалтеке бар, арабтардың таза қанды тұлпары бар, Англияда таза қанды жылқы бар. Ойлана келе, қазақ жылқысының да сапасын сондай деңгейге неге көтермеске деген арман болды.

Қазақы жылқыларды будандастыру арқылы жаңа тип шығару жұмыстары 1968 жылдан басталды. Содан бергі бірнеше буын ғалымдардың еңбегі жемісін беріп отыр.

Қайрат Исхан, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

Егемендік алған кезден бірінші рет «Бесқарағай типі» жылқы шаруашылығында бекіп отыр. Қазақтың өзінің әр жерде шыққан типтерін қосу арқылы, жергілікті жылқыны ірілетіп, салмағын жоғарылатып. Орманды жерге бейімделген. Төлді жақсы береді.

Шойынқара мен Байторы жылқысының тірі салмағы 700 келіге дейін басады. Құйрық жалы төгілген құрыш тұяқтылар патенттелгенге дейін түрлі көрмелерде талайларды таңдай қақтырған. Қазір шаруашылықта жылқы саны 200-ден асады. Алдағы уақытта санын көбейтіп асылдандыру жұмыстары жалғаса бермек.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу