Басты Жаңалықтар Ел дамуындағы әйелдер рөлі: «Amanat» партиясы қолдауымен өңірлерде форум өтті

Ел дамуындағы әйелдер рөлі: «Amanat» партиясы қолдауымен өңірлерде форум өтті

«Ел дамуындағы әйелдердің рөлі». Осы тақырыпта «AMANAT» партиясының қолдауымен өңірлерде форумдар өтті. Басқосуларда кәсіпкерлікті дамыту мен әйелдерді елдің қоғамдық-саяси өміріне тарту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, гендерлік теңдікке және ауыл әйелдерінің қабілет-қарымын танытудың тетіктері пысықталды. Мәселен, ақтөбелік кәсіпкерлер әйелдердің әртүрлі саладағы белсенділігін арттырып, жетістікті еселеу маңызды деп отыр.

Айта кетейік, қазір елдегі кәсіпорындардың 42 пайыздан астамын қыз-келіншектер басқарады.

Жұлдыз Қожабекова, облыстық мәслихаттың депутаты:

Бұрын бізде қазақ қоғамында әйел адамдар тек қана отбасының ұйытқысы болса, тек қана бала тәрбиесімен айналысса, қазір жан-жақты. Кәсіпкерлікпен де айналыса алады, саясатқа да келе алады. Соның жарқын көрінісі – бүгінгі форум.

Қазір елімізде 10 млн-ға жуық әйел бар. Кәсібін дөңгелетіп отырғандар отандық экономиканың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Олардың қаржылық сауаттылығын арттыру да бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Ауылдық жерлерде өз бизнесін ашам деушілерге арнайы мемлекеттік бағдарламалар да бар. Оның игілігін көріп отырғандар «бұл туған ауылымызға жағдай жасап, оң өзгеріс жасай алатынымызға серпін береді», - дейді.

Ләззат Пәрменқұлова, Шиелі ауданының тұрғыны:

Шаруашылығым туралы айтқан кезде бірнеше адам қызығушылығын танытып жатыр. Бұл форум жан-жақтағы кәсіпкер әйелдердің ортақ бір шешімге, ортақ бір түйінге, тағы да бір алдағы мақсаттарға жетелейтін форум деп ойлаймын. Мен көп үміт күтемін бұл форумнан кейін.
Бөлісу