Басты Жаңалықтар Еуропалық саяхатшылар Қазақстан жайлы әсерін бөлісті

Еуропалық саяхатшылар Қазақстан жайлы әсерін бөлісті

«Стереотипсіз Жібек жолы: Қазақстанға саяхаттың шынайы әсерлері». Осындай атпен Брюссельде «Шаңырақ диалогтары»пікірталас алаңының екінші басқосуы өтті. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі ұйымдастырған шарада шетелдік саяхатшылар мен журналистер Қазақстанға жасаған сапарлары жайлы әсерлерімен бөлісті. Ұлы даланың табиғаты мен мәдениетіне тамсанған меймандар еуропалықтарды қазақ еліне сапарлауға шақырды.

Бельгиялық Клод Бруир осы үш дөңгелекті велосипедімен былтыр жазда Бельгиядан Қазақстанға сапарлаған. Павлодар мен Семейдің көрікті жерлерін көріп, Алматыны бір апта асықпай аралапты. Елдің тұмса табиғаты, халықтың қонақжайлығы тәнті еткенін айтады.

Клод Бруир, Намюр қаласының тұрғыны, турист:

Мен мұндай кеңпейіл халықты бұрын-соңды кездестірмедім. Жол бойы тұрғындар маған жеміс-жидек, көкөністер, нан, су, тіпті ақшаға дейін берді. Өзімнің банк картамды, еуромды пайдаланбай, қазақтар сыйға тартқан теңгені жұмсадым. Ақша бергендер бай емес, ауылдың қарапайым адамдары. Қолындағы барын берген жомарттықтары тамсантты.

Шетелдік мейманның көңілін көтеріп, тұрғындар концерт де қойып беріпті жолда. Клод сапары туралы жасаған деректі фильмін бір Шаңырақ астына жиналған жұртқа жария етті. Францияның M6 телеарнасындағы «Pekin Express» телешоуының продюсері Инга да Қазақстанда өткізген екі ай жылы естелікке толы болғанын айтады. Түсірілім тобы бағдарламаның қысқы маусымын біздің елде түсіріп, біраз бақытқа кенелген.  

Инга Чумакова, «Pekin Express» телешоуының продюсері:

«Пекин экспресстің»Қазақстанда түсірілген бірінші маусымын екі млннан астам адам тамашалаған. Француздар, бельгиялықтар шоудан елдеріңіздің ғажап екенін көріп, Қазақстанға баруға шешім қабылдап, Шымкент пен Таразды, өзге де қалаларды өз көздерімен көргендеріне қуаныштымыз. Кең байтақ ел, қонақжай халық, дәмді тағамдар жүрегімді жаулады. 

«Porschist» журналының бас редакторы да Қазақстанның бірнеше аймағын көлікпен аралап, сапары жайлы мақаласын журналға басып шығарған.

Свен Гуайо, Porschist журналының бас редакторы:

Байтақ дала, жылқылар, соңғы үлгідегі Астананың көркі керемет. Сондай-ақ маған адамдардың достық пейілі, ашықтығы, әлемге кең көзқарасы қатты ұнады.  Біз көп елді көрдік, бірақ Қазақстан біздің есімізде мәңгі сақталады.

«Pekin Express» телешоуының  тағы бір маусымын біздің елде түсірсек, дейді Инга. Клод Бруир да Қазақстанға қайта оралып, елдің Батысы мен Шығысын аралаудан үмітті. Кездесуге жиналғандар мұндай бастамалар Қазақстанды еуропалықтарға кеңінен насихаттап, елді замануи туристік бағыт ретінде танытуға ықпал ететіне сенімді.

Бөлісу