Басты Жаңалықтар Мобильді аударымдарға жаңа код жүйесі енгізілуі мүмкін

Мобильді аударымдарға жаңа код жүйесі енгізілуі мүмкін

Елімізде мобильді аударымдар мен төлемдерге жаңа бақылау жүйесі енгізілуі мүмкін. Ұлттық банк ақша аударымдарының мақсатын нақты айқындау үшін арнайы кодтар қолдануды ұсынып отыр. Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс интернет алаяқтықтың алдын алуға көмектеседі. Жаңа бастама жайлы Ернұр Медет баяндайды.

Ернұр Медет, тілші:

Осы уақытқа дейін мобильді аударымдардың басым бөлігі жүйеде бірдей көрінетін. Енді ара-жігі нақты ажыратылып, түрлі санаттарға бөлінеді. Мәселен, кәсіпкерлерге арналған жаңа «332» коды енгізілуі мүмкін. Егер кәсіпкер QR арқылы төлем қабылдаса жүйе оны автоматты түрде кәсіпкерлік төлем ретінде белгілей алады. Ал цифрлық теңгеге арналған «196», «197», «198» және «199» кодтары төлемнің қандай форматта жасалғанын нақты ажырату үшін енгізілмек. Мысалы, бір код цифрлық теңгені айналымға шығаруды көрсетсе, екіншісі оны кері қайтаруға қолданылады. Қалған кодтар цифрлық теңгені сатып алу мен сату операцияларын бөліп қарастыруға арналуы ықтимал. Сол арқылы Ұлттық банк цифрлық валютаның қаншалықты қолданылып жатқанын, қай салада көбірек пайдаланылатынын нақты көре алады. Бұдан бөлек, балалардың біліміне немесе баспана алуға жиналған қаражатты қорғау тетігі де күшейтілуі мүмкін. Ол үшін «113» және «114» кодтарының қолданылу аясы кеңейтіледі. Соның арқасында мұндай мақсаттағы жинақтарға үшінші тұлғалардың қол сұғу қаупі азаяды. Әзірге бұл өзгерістер Ұлттық банк ұсынған жоба ғана. Құжат қазір 5 маусымға дейін қоғамдық ашық талқылауға шығарылды.


Бөлісу