Басты Жаңалықтар Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күшейтілмек

Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл күшейтілмек

Қарағанды облысының квазимемлекеттік секторында 200-ден астам субъект жұмыс істейді. Оларда сыбайлас жемқорлық жағдайлары болмас үшін комплаенс-қызметін жетілдіру маңызды. Осы мақсатта Қарағанды қаласында «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметі» тақырыбында форум өтті. Шара жөнінде Жандос Бақытұлы толықтырады.

Комплаенс-қызметі компанияның немесе ұйымның жұмысы заңнамалық талаптарға, ішкі ережелерге және этикалық нормаларға сай болуын бақылайтын арнайы бөлімі. Оның жүйелі жұмысын қалыптастыру жөніндегі мәселелер облыстық форумда талқыланды. Шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаев бұл қызметтің жұмысын жетілдіру мақсатында жеке штаттық бірліктер де құрылғанын атап өтті.

Ермағанбет Бөлекбаев, Қарағанды облысының әкімі:

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуында басым орын алатынын атап өтті. Квазимемлекеттік сектор экономиканың маңызды бөлігі. Бұл саладағы ашықтық адалдық және есептілікті нығайту қоғам сенімін арттырып өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді.

Жиынға қатысушылар жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуда цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, адалдық мәдениетін қалыптастыру туралы пікірлерін ортаға салды.

Жандос Сәрсен, облыстық Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің басшысы:

Комплеанс қызметі жай ғана бір формалды қызмет ретінде емес, осы ұйымдарда, мекемелерде коррупциягендік тәуекелдерді  алдын ала анықтайтын, соларды болдырмайтын, ұйымның ішіндегі ашықтық пен жауапкершіліктің деңгейін көтере алатын құрал ретінде көргіміз келеді.

Форум қорытындысы бойынша қатысушылар тәжірибе алмасып, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірледі.


Бөлісу