Басты Жаңалықтар Әлемде баламасы жоқ вакцина

Әлемде баламасы жоқ вакцина

Отандық  ғалымдар жусан тозаңына қарсы әлемдегі алғашқы вакцинаны әзірледі. Маусымдық аллергиядан көз ашпайтын мыңдаған адам үшін бұл –  үлкен үміт. Алғашқы клиникалық сынақ сәтті өткен. Енді екпенің екінші кезеңі басталмақ. Мамандардың айтуынша, 4 дозадан тұратын вакцина ағзада қорғаныш реакциясын қалыптастырады. Ал әсері 50 күннің ішінде байқала бастайды. Жаңа екпе жайлы әріптесім Әйгерім Ердәулет жалғастырсын.

Жусан тозаңына аллергия шілдеде баяу басталып, тамызда қарқын алады. Ал қыркүйекте шарықтау шегіне жетеді. Дәл осы кезде Алматының ауасын зерттеген мамандар, ауадағы тозаңның 80 пайызы осы жусанның тозаңы екенін анықтаған. Яғни, тұрғындар дерлік осы аллергенмен тыныс алады деген сөз. Осылайша, алғашқы қар түскенше маусымдық аллергиясы басылмайтын алматылықтың көбі жаңа екпенің бұл түрін қолдануға әзір.

Алты жыл бұрын басталған ғылыми жоба қазір клиникалық кезеңге жетті. Өткен жылы ғалымдар екпенің алғашқы сынағын өткізіп, қауіпсіздігін тексерген. Мамандардың сөзінше, вакцина салдырған еріктілерде ешқандай ауыр, кері әсер тіркелмепті. Қазір екінші кезеңге дайындық жүріп жатыр. Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы вакцинология орталығына аллергиясы бар адамдар осы айдың соңына дейін келіп, зерттеуге қатыса алады. Кейін ауқымды сынақ республика бойынша жалғасады. Ғалымдар бұл  жусан тозаңының негізгі аллергені негізінде жасалып, клиникалық кезеңге жеткен әлемдегі алғашқы вакцина екенін айтады.

Қайсар Табынов, ҚАЗҰАЗУ жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры:

Жусан тозаңына қатысты рекоменантты аллерген негізінде даярлап, клиникалық сатыға өткен бұл дүниежүзіндегі алғашқы вакцина. Жусан тозаңының толығымен бүкіл аллергендер емес, соның ішінде басты аллерген негізінде даярланған. Одан кейін вакцияналық формуляция иммунитетті үдететін қоспамыз бар. Бұл қоспа қазір қолданып жүрген коммерциялық вакцина құрамында жоқ қоспа.

Әйгерім Ердәулет, Тілші:

Аллергияға қарсы вакцина осындай тоңазытқышта сақталады. Мұнда температура +2 мен 8-дің аралығында. Мынадай 4 дозасын 3 аптаның ішінде салғызып үлгеру керек.  Ал оның қорғаныш әсері 50 күннің ішінде байқала бастайды.

Енді ғалымдар вакцинаның ұзақ мерзімді әсерін зерттемек. Жаңа екпе аллергия маусымының дәл ортасында сыналады. Вакцина алған еріктілер жарты жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Егер барлық 3 кезең де сәтті аяқталса, жусан тозаңына қарсы әлемдегі алғашқы вакцина алдағы 4-5 жылдың ішінде кең қолданысқа енгізілуі мүмкін.

Бөлісу