Дауыл салдары: Жаңатасқа жарық және жылу қайта берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дауыл салдары: Жаңатасқа жарық және жылу қайта берілді

05.01.2023

Жамбыл облысындағы тағы бір мекен Жаңатас қаласында көптің күшімен дауыл салдары жойылып, тұрғындар қалыпты өмірге оралды. Жылу мен жарық қайта қосылды. Табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған бетте Сарысу ауданындағы шағын шаһарға облыс орталығы мен көрші елдімекендерден 100-ден астам адам көмекке келген. 

Сарысу ауданына апат салдарын жою үшін келгендер күндіз-түні жұмыс істеп жатыр. Бірінші кезекте энергетикалық жүйені қалпына келтіруге басымдық берілген.

Бекнұр Байболатов, электрик:
Біз қаңтар айының үшінен бастап осындамыз. Апатты желге байланысты бағаналар құлап сынып жатыр. Сымдары үзілген. Соның бәрін орнына келтіріп, бүгін жер үйлерге тоқ беріп жатырмыз. Кеше этаж үйлерге бердік. Шамамен үш шақырым линия жалғанды.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, мұндай дүлей дауыл бұл жақта 10 шақты жыл бұрын болған. Бұл жолы қатты желден ең көп зардап шеккен 23 мың халқы бар Жаңатас қаласы. Орталық қазандық электр энергиясына қайта қосылған соң кеше түнде қалаға жылу беріле бастады. Бір тәулік жарықсыз, жылусыз отырып қалған жұрт қалыпты өмірге оралып жатыр.

Гүлжамилә Омарқызы, Жаңатас қаласының тұрғыны:
Енді қаншама талдар қирап жатқанда, столба деген не ол, олда құлайтын нәрсе ғой. Шүкір қазір жақсы бәрі. Нанымыз бар, суымыз бар. Ыстық су енді келе бастады. Үйіміз жылынып жатыр.

Қазір қала мен ауылдарда 40-тан аса техника жұмыс істеп жатыр. 97 көпқабатты үйдің 93-і жарыққа қосылды. 25 елдімекеннің 11-не электр сымдары жалғанды. Аудан бойынша дауыл 16 көпқабатты тұрғын үйге, 14 әлеуметтік-кәсіпкерлік нысанға зақым келтірген. Көшедегі жарық шамдары сынып, жеке тұрғын үйлердің де шатыры ұшты. Шығынды арнайы комиссия есептеп жатыр.

Талғат Төлебаев, қала әкімінің орынбасары:
Қалада шамамен 12 көпқабатты үйдің шатыры зақымданған. Қазір зерделеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік нысандар, мектеп бар. Қазақтелеком және аудандық әкімдік ғимараты бар.

Сарысу ауданындағы дауылдан 7 тұрғын зардап шеккен. Олардың біреуі бас сүйегінен жарақат алып ауруханада жатыр. Қалған 6 адам дәрігердің бақылауында.

Н.Болатұлы


Хабарламаларға жазылу