Бас прокуратура: 4623 қылмыстық іс тергелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокуратура: 4623 қылмыстық іс тергелді

05.01.2023

Ия, тура бір жыл бұрын болған дүрбелең жүздеген адамның өмірін жалмады. Олардың арасында бейбіт тұрғындар мен күштік құрылымдарының қызметкерлері де бар. Бүгін Мәжіліс қабырғасында өткен Парламеттік тыңдауда жазықсыз құрбан болғандардың жақын туыстары, зардап шеккен кәсіп иелері мен сарапшылар да пайымымен бөлісті.

Бас прокурордың мәліметінше қаралы қаңтардағы антитеррористік операция кезінде 238 адам қайтыс болған. Олардың арасында 19 тәртіп сақшысы бар. Тараз қаласының тұрғыны Гүлсім Сейталиева қасіретті қаңтардағы хабардан енді-енді есін жинай бастаған. Құқық қорғау саласының сапына қосылғанына көп уақыт өте қоймаған ұлы - Нұрболсын Алмасов Көктөбедегі телемұнараны қорғау кезінде ерлікпен қаза тапты.

Гүлсім Сейталиева, қаза болған полицейдің анасы:
Ержүрек сондай батыл, намысшыл болып өскен. Кішкентайынан оның арманы болды полицей болам деген. Өте жақсы көріп жұмыс істеді. Мұндай болатынын ол да мен де ойлаған жоқпын. Енді наурыз айында үйлендіремін деп отырғанмын. Өзі 27-де болатын. Енді жете алмады...

Жаппай тәртіпсіздік кезінде екі мыңға жуық кәсіпкерлік нысан қираған. Жалпы шығын көлемі 98 млрд теңгеден асады. Колл-орталыққа көмек сұраған тұрғындардан 13 мыңнан аса қоңырау түскен. Олардың басым көпшілігі Алматы қаласынан.

Сәбира Сетекова, кәсіпкер:
Біз желтоқсан айында Аматыдан жаңа мейрамхананың құрылысын аяқтап, енді ғана ашқан болатынбыз. Қаңтар кезінде ол нысанның түгі қалмай жанып кетті. Өте қиын жағдай болды. Қазір нысанның құрылысын қайта бастадық. Бәрі орнына келеді деген үмітпен еңбек етіп жатырмыз.

Бас прокуратураның берген мәліметіне сай, полицейлер қаңтар оқиғасы бойынша 4 623 қылмыстық істі тергеген. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынды. Осы тұста күштік органдардың бірқатар қызметкерлері ұсталғандарға қатыгездік танытқаны да белгілі болды. Еш нәрсемен ақтауға болмайтын жағдайлар бойынша 329 қылмыстық іс қозғалды. Алайда дүрбелеңнен кейінгі күндері екі жүзден астам азамат тергеуден босатылған. Олардың арасында кәмелетке толмаған балалар мен балалы аналар да бар. Бұл жұмыстарға қоғамдық комиссиялардың көмегі көп тигені белгілі.

Абзал Құспан, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы:
Ал сотқа кеткеннен кейін соттың ісіне біздің комиссия араласа алмайды. Мысалы 238 адамның жартысынан астамы Алматы қаласында қаза тапты. 148 адамның 85-не қатысты қылмыстық іс құрамы тоқтатылды. Себебі қаза тапқандарға да айып тағылды ғой. Тіпті терроризм бабымен айып тағылды. Негізінен алдыңғы шепте болғандар оққа ұшты. Солардың ақталуына біздің комиссияның тікелей ықпалы болды.

Бас прокурордың мәліметінше, қаңтар оқиғасына қатысты 5 мыңнан астам сараптама тағайындалған. Оның қорытындысынан кейін тергеуден 255 адам босатылды. Ал жеңіл-желпі қылмыстарға барған 1095 азамат Президент пәрменімен рақымшылыққа ілінді. Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің айтуынша бұл азаматтардың 461-і жұмысқа орналасқан.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу