Бас прокурор: Қаңтар оқиғасы бойынша 573 адам сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокурор: Қаңтар оқиғасы бойынша 573 адам сотталды

05.01.2023

Былтырғы қаңтарда бүлікшілер мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттенді. Мәжілісте өткен тыңдауда Бас прокурор Берік Асылов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, «басқарылатын хаос кезінде еліміздің жоғарғы басшылығын ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған». Ал бүлікті ұйымдастырушылар ретінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының аты аталды. Қаңтар оқиғасына қатысты Мәжіліс депутаттарының сауалдарына Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің берген жауабын тілшіміз Данияр Қайыртай тыңдап қайтқан еді.

Бас прокурор, ісі сотта қаралып жатқан Мәсімов пен орынбасарларының қастандық әрекетінің егжей-тегжейін аша алмайтынын айтты. Себебі іс материалдарында мемлекеттік құпия бар. Оларды жариялау – ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Есесіне, «орындаушылардың бір жыл бойы жасырын түрде дайындалғанын» жария етті. Орындаушылар яғни, ұйымдасқан қылмыстық топтар. Оларда қару-жарақ, рация мен көліктер болған деді, Берік Асылов. Жалпы арнайы прокурорлар 720 қылмыстық іс тергепті.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Бұл істер бойынша, тыйым салынған экстремистік топтардың 25 мүшесі ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі қамауға алынды. Одан бөлек, күдіктілердің арасында деструктивті діни ағымдардың 8 жақтаушысы бар. 126 адам кісі өлтіру, ұрлық, тонау және қарақшылық жасағандары үшін бұрын сотталған. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа қылмыстар бойынша күдікті болып танылды. Оның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар.

Бас прокурордың айтуынша, бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов төтенше жағдай кезінде заңсыз бұйрық беріп, стратегиялық нысандарды әскерилердің күзетінсіз қалдырған. Сондай-ақ 5 қаңтарда Алматы қаласының коменданты, шахардың сол кездегі бас полицейі Күдебаев мемлекеттік органдар ғимаратын қорғау үшін әскери қызметшілерді бөлуден бас тартқан. 6 қаңтарда Алматы әкімдігінің ғимараты мен Президент резиденциясынан қоршауды алып тастау туралы бұйрық берілген деді, Асылов.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
Бүгінде біздің істер бойынша 573 адам сотталды. Оның ішінде 2 іс – теракт жасау фактісі бойынша. Қазіргі таңда жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар ретінде 18 адам анықталды. Олардың 13-не қатысты іс сотта қаралуда.

Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, күштік құрылымдар ескертусіз оқ атуды Президент бұйрығына дейін бастап кеткен. Қызметкерлер жауынгерлік қаруды Алматыдағы Президент резиденциясын қорғау кезінде, яғни 5 қаңтар сағат 16:00 шамасында қолданғанын айтты. Әрі қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы команда қажет емес, оған рұқсат беретін нормалар заңдарда көрсетілген деді.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
Халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгендіктен ғана қарулы қылмыскерлерге қарсы оқ атыла бастады. Қару заңға сәйкес қолданылды. Органдар дер кезінде оқ атпағанда оқиғаның ауқымы бұдан да үлкейіп кетер еді.

Ал депутат Айдос Сарым қаңтар оқиғасын сипаттағанда акцияларды бөліп қарастыру қажеттігін айтты.


Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаңтар оқиғасы о баста бейбіт шеру ретінде басталған болатын. Өкінішке орай, оңтүстік өңірлерде, әсіресе Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында криминалдық, реваншистік күштердің араласуы себебінен іс насырға шауып, жаппай тәртіпсіздіктерге, қарулы бүлікке ұласып кетті. Яғни біздер бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздіктер, бейбіт наразылық пен мемлекеттік төңкерісті шатастырып алмауымыз қажет.
Бас прокуратура мәліметінше, қазіргі 315 адамға қатысты тағы 127 іс жүргізіліп жатыр. Тергеу әрекеттері аяқталғаннан кейін нәтижелері жұртшылық назарына ұсынылмақ.

Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу